Back
| DalaNews

Алдағы жылдан бастап Мақтааралда үш ауысымды мектеп болмайды

Мақтаарал ауданында «Нұр Отан» партиясы Мақтаарал аудандық филиалының кезектен тыс ХХХІІІ конференциясы өтті. Аудан әкімі Б.Асанов төрағалық еткен жиынға партия мүшелерімен қатар, 2 кент пен ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары, бастауыш партия ұйымдарының делегаттары мен үкіметтік емес ұйым мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты.

Жиында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-аухатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жергілікті жерде жүзеге асыру барысы талқыланды. Ең алғаш баяндама жасаған аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова Жолдауда көрсетілген межелер бойынша ауданда атқарылатын жұмыстарды атап көрсетті.

– Статистиканың дерегі бойынша, елімізде ең төменгі орташа жалақы Түркістан облысында екені анықталған. Жолдаудың арқасында мыңдаған мақтааралдықтардың жалақысы көтерілетін болды. Ұстаздар қауымының мәртебесін көтеруді де біз қолға аламыз. Мақтаарал ауданындағы 56 білім беру ұясында 4 мыңға жуық ұстаздар қауымы қызмет етеді. Біз Елбасымыздың бұл тапсырмасын қолдай отырып, ең беделді мамандық саналатын мұғалімдердің тек қана біліммен айналысуына жағдай жасайтын боламыз. Қазіргі таңда Мақтаарал ауданында 3 ауысыммен оқитын 1 ғана мектеп бар. Иіржар ауылдық округі, Диқан ауылында орналасқан 600 орындық Қажымұқан атындағы жалпы орта мектептің ғимараты осы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Осылайша Мақтаарал ауданында 3 ауысыммен оқитын мектептер мүлде болмайды. Біз жыл сайын 4-5 мектеп салу арқылы алдағы уақытта 2 ауысыммен оқитын мектептердің де санын азайту үшін жұмыс істейміз. Елбасымыз: «2019 жылды «Жастар жылы» деп атауды ұсынамын! – деді. Бұл – ең жақсы ұсыныс болды. Мақтаарал ауданында 14 пен 29 жас аралығындағы 36 мыңға жуық жастарымыз бар. Елдің нағыз қозғаушы күшін саналатын бұл топқа қолдау көрсету – Елбасымыздың нағыз көрегенділігі. Біз Президентіміздің жастар саясаты бойынша айтқан тапсырмаларын жергілікті жерде жүргізе отырып, мақтааралдық жастардың әлеуметтік жағдайын көтеруге күш саламыз» – деді Алтын Күнтуқызы.

Сонымен қатар, А.Ешанқұлова ауданда тіркелген 200-ден аса спорт нысандарының есігі тұрғындар үшін айқара ашық екендігін, қазіргі таңда тұрғындардың 27%-ы бұқаралық спортпен айналысатындығын жеткізді. Жолдауға сәйкес, киелі Мақтаарал ауданы алдағы уақытта ақ алтынды шикізат күйінде ғана сатпай одан дайын өнім жасау үшін инвестиция құйылатындығын да атап өтті.

Келесі сөзге шыққан «Қазақ мақта шаруашылығы» ғылыми зерттеу институтының директоры Ибадулла Үмбетаев Жолдауда айтылған ауыл шаруашылығы саласына қатысты мәселелерге тоқталды. Ауыл шаруашылығында қолданылып жатқан жаһандық озық технологиялар мен техникаларды ендіру – Мақтаарал ауданының басты міндеті болуы керектігін айтты.

Жиын барысында жарыс сөзге мектеп директорлары мен әртүрлі ұлт өкілдері шығып, Жолдаудағы тапсырмаларды жергілікті жерде орындау үшін күш біріктіру керектігін сөз етті. Аудан әкімі Б.Асанов конференцияны қорытындылап, Елбасының Жолдауы жаңадан құрылған Мақтаарал ауданыынң бағыт-бағдарын айықындап бергенін сөзге тиек етті.

 

Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі