Ақтөбедегі неке сарайында қаза тапқан әйелдің артында төрт баласы қалды

Ақтөбедегі неке сарайында қаза тапқан әйелдің артында төрт баласы қалды
ЖИ: Dalanews.kz

Ақтөбеде неке сарайында өлтірілген 26 жастағы әйел төрт баланы тәрбиелеп өсірген. Қайғылы оқиғадан кейін олардың екеуі уақытша балалар үйіне орналастырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

КТК телеарнасының мәліметінше, марқұмның төрт баласының екеуі күдіктімен ортақ. Әйел қайтыс болғаннан кейін осы екі бала «Үміт» балалар үйіне уақытша орналастырылған. Ал қалған екі баланың кімнің қамқорлығында екені әзірге белгісіз.

Ақтөбе облыстық балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Амангелді Қонақбаев балалардың жағдайы мемлекеттік органдардың бақылауында екенін айтты.

«Отбасы жағдайларына байланысты кәмелетке толмаған екі бала «Үміт» балалар үйіне уақытша орналастырылды. Бұл жағдай облыстық балалардың құқықтарын қорғау басқармасы мен құзырлы органдардың бақылауында», – деді ол.

Қайғылы оқиғаға не себеп болған?

Полицияның мәліметінше, қылмыс жасады деген күдікке марқұмның бұрынғы азаматтық некедегі күйеуі ілінген. Екеуі шамамен үш жыл бірге тұрған. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың арасында ата-ана құқығынан бас тарту мәселесіне байланысты жанжал шыққан. Дегенмен оқиғаның нақты себебі мен басқа да мән-жайы тергеу барысында анықталады.

Еске салайық, 3 қарашада Ақтөбедегі неке сарайында 26 жастағы әйелді өлтіріп кеткен. Оқиға орнына барған полиция қызметкерлері күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр.