Қазақстанда автомобиль жолдарының бойында жолаушыларға арналған намазханалар салу жобасы қолға алынды. Бұл туралы ҚМДБ Уақып корпоративтік қайырымдылық қоры хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жоба «ҚазАвтоЖол» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылады. Намазханалар шалғай жол учаскелерінде орналасады. Олардың жанынан арнайы дәрет алу орындары да қарастырылады. Жобаның басты ерекшелігі – ғимараттар жыл бойы пайдалануға ыңғайлы етіп салынады. Атап айтқанда, қыста жылы, жазда салқын болады.
Бастаманың негізгі мақсаты – алыс сапарға шыққан жолаушыларға құлшылықтарын жайлы жағдайда орындауға мүмкіндік жасау. Сонымен қатар жол бойында тазалық пен қолайлылықты қамтамасыз ету көзделген. Жоба аясында намазханалардың нақты қай өңірлерде және қашан салынатыны әзірге жарияланған жоқ.