Әлеуметтік желіде Қазақстанның батысы мен шығысындағы кешкі көріністерді салыстырған видеолар тарап жатыр. Ақтау мен Семей, сондай-ақ Атырау мен Павлодарда бір мезетте түсірілген кадрлар ел аумағындағы табиғи жарық айырмашылығын анық көрсетеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
News.Aktau және NewsMangystau парақшалары 2 қараша күні сағат 17:12-де Ақтау мен Семейде түсірілген видеоларды жариялады. Сол сәтте Ақтауда күн сәулесі көшелер мен ғимараттарды жарықтандырып тұр. Ал Семейде қас қарайып, қала шамдары жанып үлгерген.

"Қазақстан – бір ел, алайда күннің бату уақыты әртүрлі. Елдің шығысында сағат 15:00-ден кейін-ақ қас қарая бастайды. Ал Ақтауда бұл уақытта күн әлі жарқырап тұруы мүмкін. Уақыт белдеуі бір болғанымен, екі қаладағы көрініс тәуліктің екі бөлек мезгіліндей әсер қалдырады", – делінген жазбада.
Осыған ұқсас видео Атырау мен Павлодарда да түсірілген.
Qumash.kz жариялаған кадрларда сағат 16:50-де Атырауда күн әлі жарық болып тұрса, дәл осы уақытта Павлодарда қараңғы түсіп үлгергенін байқауға болады.
"Бір уақыт белдеуі, бір күн, бір мезгіл", – деп жазған видео авторлары.
Олар екі қаланың өзінде осындай айырмашылық байқалса, Қазақстанның қиыр шығысындағы жағдай қандай екенін сұраған.
"Неге ештеңеге үлгермей жүргенімді енді түсіндім", – деп әзілдеген ролик авторларының бірі.
Қазақстан бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуімен өмір сүргенімен, қалалардың географиялық орны әртүрлі. Сондықтан шығысқа қарай орналасқан өңірлерде күн ертерек батып, қас қарайса, батыста кешкі жарық ұзағырақ сақталады.