Жатақхана мәселесі жеңілдейді: депутат студенттерге жақсы жаңалығын бөлісті

Жатақхана мәселесі жеңілдейді: депутат студенттерге жақсы жаңалығын бөлісті
Фото: Мәжіліс

Қазақстанда студенттерге жатақханадан орын бөлуді жеңілдететін бірыңғай цифрлық платформа әзірленіп жатыр. Бұл туралы Құрылтай депутаты Нұргүл Тау мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Депутаттың айтуынша, жыл сайын тамыз айында студенттерден жатақханаға қатысты көптеген өтініш түседі. Бірі бос орын таппай сабылса, енді бірі кезегінің қашан келетінін білмей, пәтер жалдауға мәжбүр болады.

"Студенттердің қайда орналасатынын, кіммен тұратынын және жатақханадан қашан орын алатынын сұрап, алаңдайтынын түсінемін. Алайда олардың басты мақсаты баспана іздеу емес, білім алып, таңдаған мамандығын меңгеру болуы керек. Өкінішке қарай, қазір көп студент үшін бірінші кезектегі мәселе – тұратын жер табу", – деді Нұргүл Тау.

Ол бұл мәселені шешу үшін жатақхана орындарын бөлуді ашық әрі қолайлы ететін бірыңғай платформа құру туралы депутаттық сауал жолдаған. Ұсыныс Үкімет тарапынан қолдау тауып, жүйені әзірлеу жұмысы басталған.

Жоба Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бақтияр Мәкен және Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглованың қатысуымен жүзеге асырылып жатыр.

Жүйе іске қосылғаннан кейін студенттер жатақханалардағы бос орындарды пойызға немесе ұшаққа билет таңдағандай онлайн көре алады. Олар өтініш беріп, кезегін бақылап, бөлмеде қанша адаммен бірге тұратынын да таңдай алады. Кейінірек орынға алдын ала тапсырыс беру мүмкіндігін енгізу жоспарланған.

"Жатақхана мәселесін жыл сайын қайта-қайта көтере бергеннен нәтиже болмайды. Жүйені өзгерту қажет. Бұған дейін жатақхана ғимараттарының жағдайына назар аударып, бірқатар түйткілдің шешілуіне ықпал еттік. Енді орын бөлудің өзін ашық әрі әділ етуге кезек келді", – деді депутат.

Нұргүл Тау студент жатақхана алу үшін әуре-сарсаңға түспеуі керек деп есептейді.

"Студенттің басты міндеті – оқу. Біз оған алаңсыз білім алуға жағдай жасауымыз керек. Бұл бастама сөз жүзінде қалмай, нақты жүзеге асуы маңызды. Егер қандай да бір кедергі немесе сұрақ туындаса, маған хабарласыңыздар. Бірге көтеріп, шешімін бірге іздеуге дайынмын", – деді ол.