Азаматтық заңнаманы алдағы уақытта жаңарту мәселесіне қатысты өз пікірін Маржанғұл Әкімжанова бөлісті. Ол – философия докторы, қауымдастырылған профессор, Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институты бөлімінің басшысы, деп хабарлайды dalanews.kz.
30 жылдан астам уақыт бұрын қабылданған қолданыстағы Азаматтық кодекс бүгінде жаңа талаптарға тап болып отыр. Оған цифрлық экономиканың, жасанды интеллектінің, цифрлық активтер мен платформалық қатынастардың дамуы әсер етуде. Осыған байланысты қолданыстағы құқықтық тетіктерді қайта қарап, оларды жетілдіру бағыттарын айқындау қажет.
Алайда сарапшы заңнаманы жаңарту тек өзгеріс енгізу үшін жасалмауы керектігін атап өтті. Оның айтуынша, тиімділігін дәлелдеген құқықтық нормаларды сақтап, отандық азаматтық құқық ғылымының сабақтастығын қамтамасыз ету маңызды.
Реформаның басты мақсаты – заңнаманы түбегейлі өзгерту емес, сапалы шешімдер қабылдау. Жаңа Азаматтық кодекс қоғам мен бизнес қажеттіліктеріне сай келетін, заманауи талаптарға жауап беретін және ұзақ жылдарға негіз болатын құқықтық құжатқа айналуы тиіс.