Петропавлда 14 студент теміреткі жұқтырған: жатақхана медицина қызметкері жазаланды

Петропавлда 14 студент теміреткі жұқтырған: жатақхана медицина қызметкері жазаланды
Фото: ЖИ

Петропавлдағы Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледждің 14 студентінен жұқпалы тері ауруы анықталғаннан кейін жатақхананың медицина қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Эпидемиологиялық тексеру барысында инфекцияның болжамды көзі анықталып, білім алушыларды медициналық тексеруден өткізу кезінде бірқатар талаптың сақталмағаны белгілі болды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Инфекция қалай тараған?

ФБРК мәліметінше, мамандар студенттер арасында дене дерматофитиясы, яғни халық арасында "теміреткі" деп аталатын саңырауқұлақ ауруы тарағанын растаған.

Тексеру қорытындысына сәйкес, инфекцияны алғашқылардың бірі болып ауданнан келген студент жұқтырған. Ол ауруға шалдыққан үй жануарымен байланыста болған. Кейін дерт жатақханада бірге тұратын өзге студенттерге тараған.

Зертханалық тексеру нәтижесінде 14 студенттен ауру белгілері анықталды. Олардың барлығы жатақхананың бір қабатында, бір-біріне жақын бөлмелерде тұрған және күнделікті тұрмыста тығыз қарым-қатынаста болған.

Медицина қызметкеріне айыппұл салынды

Петропавл қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Анара Кургунбаеваның мәліметінше, студенттер каникулдан оралғаннан кейін медициналық тексеру уақытында жүргізілмеген.

Осыған байланысты жатақхананың медицина қызметкеріне 43 250 теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұған дейін колледждің өзі де әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны хабарланған еді.

Жатақханада дезинфекция жүргізілді

Ауру анықталғаннан кейін жатақхана мен оқу ғимараттарында қорытынды дезинфекция жасалды. Студенттер медициналық бақылауға алынып, науқастарға тиісті ем тағайындалды.

Санитариялық мамандар теміреткінің алдын алу үшін өзгенің тарағын, киімін, аяқкиімін, бас киімі мен төсек-орнын пайдаланбауға кеңес береді. Сондай-ақ жануарларды ұстағаннан кейін қолды мұқият жуып, қаңғыбас ит-мысықтарға жақындамаған жөн.

Теріде немесе бастың шашты бөлігінде күмәнді бөртпе байқалса, дер кезінде дерматологке қаралу қажет.