5 қарашада таңертең Алматы метросында тосын жағдай болды. Қала тұрғындарының айтуынша, жолаушылар "Райымбек батыр" станциясына кіре алмаған. Кейбірі жолын автобуспен жалғастыруға мәжбүр болған. Алматы полициясы оқиғаның мән-жайын түсіндірді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Полиция департаменті мәліметінше, "Райымбек батыр" станциясында бір әйел метро қызметкерлеріне жарылғыш құрылғы бар екенін айтқан. Ол бірден ұсталды.
Осы оқиғадан кейін арнайы комиссия станцияны тексерген. Тексеріс барысында жарылғыш құрылғылар мен күдікті заттар табылмаған.
"Алдын ала мәлімет бойынша әйел Психикалық денсаулық орталығында есепте тұр. Қазір тексеріс жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша әйелдің әрекетіне құқықтық баға беріледі", - деді Алматы Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі.
Қазір метро қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Жағдай құқық қорғау органдарының бақылауында.