Кассациялық сот блогер Мирболат Мырзатайұлына шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды

Кассациялық сот блогер Мирболат Мырзатайұлына шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды

Астанадағы кассациялық сот журналист әрі белсенді Мирболат Мырзатайұлына қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Ол ұлттық араздықты қоздырды деп айыпталып, төрт жылға бас бостандығынан айырылған. Ал блогердің өзі мемлекеттік орган өкілдерінен мемлекеттік тілде сөйлесуді талап еткенін айтқан, деп хабарлайды dalanews.kz.

Facebook әлеуметтік желісінің қолданушысы Гүлеке Өміржәтегі кассациялық соттың шешіміне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, сот журналист пен белсендінің төрт жылға сотталғаны туралы үкімді күшінде қалдырған.

«Бүгін Астанадағы кассациялық сот тағы да әділетсіз шешім шығарды. Өз елінде мемлекеттік тілдің мәртебесін сақтауды талап еткені үшін төрт жылға бас бостандығынан айырылған журналист әрі белсенді Мирболат Мырзатайұлына қатысты үкім өзгеріссіз қалды. Бұл – өз ана тілінің құқығын қорғаған азаматты қолдаудың орнына темір торға тоғытқан жүйенің кезекті соққысы», – деп жазды ол.

Сондай-ақ 3 қарашада өткен сот отырысынан кейін белсендінің жұбайы Гүлшат Бишуинова да кассациялық соттың үкімді өзгеріссіз қалдырғанын хабарлады.

Еске салайық, былтыр қарашада Алматы қаласының Медеу аудандық соты Мирболат Мырзатайұлын (Бишуинов) төрт жылға бас бостандығынан айырған болатын. Оған Қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-бөлігі, яғни «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру» бабы бойынша айып тағылған.

Айыптау актісіндегі мәліметке сәйкес, 2025 жылғы сәуірде Алматыдағы қоқыс шығаратын ұйымдардың бірінде мекеме басшысы мен блогер арасында қазақ тілін қолдануға байланысты жанжал болған. Мирболат Мырзатайұлы осы оқиғаның видеосын әлеуметтік желіде жариялаған.

Бейнежазбада блогердің мекеме басшысына: «Басшылық қызметте отырып, мемлекеттік тілді құрметтемейсіз. Біз сізден орныңызды дереу босатуды талап етеміз», – деген сөздері естіледі. Дәл осы видео қылмыстық істің қозғалуына негіз болған.

Мирболат Мырзатайұлы өзіне тағылған айыппен де, сот үкімімен де келіспеген. Қазір ол Алматы облысындағы Заречный кентінде орналасқан түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатыр.

55 жастағы Мирболат Мырзатайұлы – YouTube желісіндегі «Журналистік зерттеулер агенттігі» арнасының авторы. Арнада негізінен елдегі сот процестері, митингілер мен пикеттер туралы материалдар жарияланады. Ол бұған дейін ұзақ жылдар бойы мемлекеттік телеарналарда жұмыс істеген.