Қазақстандық журналист Талғат Алманов АҚШ-тағы әйгілі телеарнада басшылық лауазымға тағайындалды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ол АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы ABC 7 (Буффало) телеарнасында басшылық қызметке тағайындалған. Журналист бұл жаңалығын әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Ол телеарнада Executive Reporter қызметін атқаратынын мәлімдеді.
"Телеарнадағы алғашқы басшылық қызметке кіріскенімді ерекше қуанышпен хабарлаймын! Нью-Йорктің әйгілі ABC 7 (Буффало) телеарнасында Executive Reporter қызметін атқарамын", - деп жазды ол.
Талғат Алманов жаңа қызметінде жаңалықтар бөлімінің жұмысын қадағалап, журналистер мен продюсерлермен бірлесіп жұмыс істейді. Сондай-ақ, жаңалықтар сапалы әзірленіп, көрерменге уақтылы жетуіне жауап береді. Бұдан бөлек, ол репортаждар дайындап, зерттеу журналистикасымен айналысуды жалғастырмақ.
"Маған осындай жауапты міндетті сеніп тапсырған басшылығыма ерекше алғыс білдіремін. Көрсетілген сенімді ақтап, жаңа қызметімді абыроймен атқару үшін бар күшімді саламын! Сәттілік тілеп қойыңыздар, достар!" - деді журналист.