Қазақстанда "Халықтық құрылыс" бағдарламасы аясында жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 262 инфрақұрылымдық жоба мақұлданды. Қаражат ауруханалар мен мектептер салуға, жолдарды жөндеуге, сондай-ақ су, жылу және газ жүйелерін дамытуға бағытталады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев мәлімдеді. Оның айтуынша, жобалардың 122-сін жүзеге асыруға 497 млрд теңге бөлініп қойған.
Ең көп қаржы жол мен көлік нысандарына бөлінеді
Бағдарламадағы ең ірі қаржы көлік инфрақұрылымын дамытуға қарастырылған. Жалпы сомасы 369 млрд теңге болатын 48 жоба аясында автомобиль жолдары мен көпірлер салынып, қолданыстағы нысандар қайта жаңғыртылады.
Денсаулық сақтау саласына 344 млрд теңге бағытталмақ. Бұл қаражатқа 41 жоба, соның ішінде ауруханалар, емханалар, перинаталдық орталықтар мен перзентханалар салынады.
Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамытуға 284 млрд теңге бөлінеді. 55 жоба аясында магистральдық су құбырларын, тазарту құрылғыларын, қорғаныс бөгеттері мен су тоғандарын салу жоспарланған.
Ең көп жоба жылу және газ саласында жүзеге асырылады
Жоба саны жағынан жылу және газбен жабдықтау саласы алда тұр. Бұл бағытта 136 млрд теңгеге 67 жоба іске асырылады.
Мәдениет, туризм және спорт салаларында жалпы құны 266 млрд теңге болатын 23 нысан салынады. Олардың қатарында спорт кешендері, мәдениет сарайлары, театрлар және басқа да әлеуметтік нысандар бар.
Білім беру саласына 101 млрд теңге қарастырылған. Қаражат 28 жобаға, оның ішінде мектептер мен көпфункциялы кешен салуға жұмсалады.