Желі қолданушылары Алматы орталығындағы жаңажылдық шыршаны талқылауда

Желі қолданушылары Алматы орталығындағы жаңажылдық шыршаны талқылауда
Threads

Алматыда қараша айы бастала салысымен жаңажылдық шырша орнатылып, әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Қала тұрғындарының бір бөлігі мерекелік безендіруді тым ерте басталған науқан деп санаса, енді бірі шыршаның күз мезгілінде тұрғанына әзілмен қараған. Осы жағдайға байланысты Медеу ауданының әкімдігі де пікір білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жаңажылдық шыршаның суретін Instagram желісіндегі dilorom__estate парақшасының авторы жариялаған. Ол жазбасында Алматыда қараша енді басталғанын айтып, шыршаны безендіруге әлі ерте емес пе деген сауал қойды.

«Алматы, қараша енді ғана басталды ғой. Шыршаны безендіруге ерте емес пе? Қалай ойлайсыздар?» – деп жазды ол.

Жазбаға пікір қалдырған желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі қала билігі Жаңа жылға дайындықты тым ерте бастағанын айтып әзілдесе, енді бірі мерекелік көңіл күйдің ерте келгеніне қарсы емес екенін жеткізді.

«Бұрын уақытынан ерте шырша қойса, көзіміз үйреніп, Жаңа жыл жақындағандай сезілмейтін», – деп жазды жазба авторы пікірлердің біріне жауап ретінде.

Тағы бір қолданушы шыршаның жасыл ағаштардың арасында тұрғанына әзілмен назар аударды. Ал кейбірі басқа елдерде, соның ішінде Кипрде де мерекелік безендіру жұмыстары қазан айынан басталатынын еске салды.

Желіде тараған талқылауға Медеу ауданының әкімдігі де жауап берді. Әкімдіктің ресми парақшасында бұл шыршаны кәсіпкерлер өз қаражатына орнатқаны айтылған.

«Бұл шыршаны кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен орнатқан. Меншік иесімен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі», – деп хабарлады аудан әкімдігі.