Қазақстанда Каспий теңізі арқылы Әзербайжанға мұнай тасымалдайтын жаңа бағыт ашылуы мүмкін. Жоба жүзеге асса, құбыр 2032 жылы іске қосылады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жаңа құбыр арқылы Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарынан өндірілген мұнайды Әзербайжанға жеткізу жоспарланған.
Атырау облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы "ҚМГ Қашаған Б. В." компаниясының Қазақстандағы филиалы ұсынған құжатты жариялады. Онда жобаның алдын ала мерзімдері көрсетілген. Құрылыс 2029 жылы басталып, шамамен үш жылға созылуы мүмкін.
"ҚМГ Қашаған" компаниясы мұнай тасымалдаудың үш нұсқасын қарастырып жатыр. Алғашқы екі нұсқа бойынша Атырау маңынан Құрық портына немесе Әжібай ауданына дейін мұнай құбыры тартылады. Одан әрі мұнай Каспий теңізінің түбімен Әзербайжандағы Шорабад ауданына жеткізіледі. Үшінші нұсқада Құрыққа дейін құбыр тартылып, мұнай теңіз арқылы танкерлермен тасымалданады.
Үш нұсқада да мұнайды кейін Баку - Тбилиси - Жейхан құбырына бағыттау көзделген.
Негізгі жоспар бойынша жылына 18,2 миллион тонна мұнай тасымалданады. Ал теңіз түбімен құбыр тартылатын ең жоғары қуатты нұсқада бұл көрсеткіш 37 миллион тоннаға жетуі мүмкін.