Әлеуметтік желіде Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының сирек фотосуреті жарияланды. Жазба авторларының айтуынша, бұл сурет бұған дейін еш жерде жарияланбаған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ақ-қара түсті фотода Бауыржан Момышұлы бас киіммен, камераға қырынан қарап тұрған сәтінде бейнеленген. Суретті қолбасшының өмірі мен мұрасына арналған Instagram парақшасы жариялады. Жазба авторлары фотосуретті тауып, жеткізген Бекжан Бектенбайға алғыс білдірген.
Әзірге суреттің нақты қай жылы, қай жерде және қандай жағдайда түсірілгені белгісіз. Сондай-ақ фотосуреттің түпнұсқалығы мен оның тарихы туралы қосымша ақпарат берілмеген.
Айта кетейік, Бауыржан Момышұлы 1910 жылы дүниеге келген. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ол Иван Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы құрамында Мәскеу қаласын қорғау шайқасына қатысқан. Соғыстан кейін қолбасшы жазушылықпен де айналысты. Оның «Ұшқан ұя», «Артымызда Москва» сияқты шығармалары оқырманға кеңінен танымал.
Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағы 1990 жылы, қайтыс болғаннан кейін берілді.