Наташа Қалымбетова АҚШ-та қызын тауып, ДНҚ сараптамасының нәтижесін жариялады

Наташа Қалымбетова АҚШ-та қызын тауып, ДНҚ сараптамасының нәтижесін жариялады
ашық дереккөз

Бұған дейін басынан өткерген сексуалдық зорлық-зомбылық туралы ашық айтқан қазақстандық Наташа Қалымбетова АҚШ-та қызымен қауышқаннан кейін ДНҚ сараптамасының қорытындысын жариялады. Зерттеу нәтижесі олардың биологиялық туыстығын 100 пайыз растаған. Бұл туралы әйел әлеуметтік желідегі парақшасында айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Наташа Қалымбетованың айтуынша, ол АҚШ-қа өз бетінше барып, ұзақ уақыт іздеген қызын тапқан. Анасы мен қызының арасындағы туыстық байланысты анықтау үшін ДНҚ сараптамасы жасалған. Нәтижесінде олардың биологиялық туыстығы расталды.

Әйел бұл қорытындыға өзі бұрыннан сенімді болғанын, алайда қызының сараптама нәтижесін күткен кезде қобалжығанын айтты. Әлеуметтік желіде жариялаған видеосында Наташа Қалымбетова ұзақ жылдарға созылған ізденісі ақыры нәтижесін бергенін айтып, қуанышымен бөлісті.

«Мұндай қиындықты екінің бірі еңсере бермейтін шығар. Бірақ мен бұдан өттім. Өмір бойы азап шегіп, қиналдым. Соған қарамастан, ақыры қызыммен қауыштым. Барлығына өз күшіммен қол жеткіздім. Ақыры Америкаға барып, қызымды таптым.

Бүгін ДНҚ сараптамасының нәтижесі шықты. Оның қорытындысы бойынша, туыстығымыз 100 пайызға расталды. Мен бұған дейін де сенімді едім, бірақ қызымның қобалжығаны байқалды.

Қысқасы, қыздар, мүмкін емес нәрсенің өзі мүмкін екен. Біреудің көмегінсіз, ешкімге арқа сүйемей, мұндай қадамға кім бара алады? Мен бардым. Барлығын өзім, ешкімнің көмегінсіз, өз күшіммен жасадым», – деді Наташа Қалымбетова.

Сондай-ақ ол қызының өзі туралы жарияланымдарды бақылап, әлеуметтік желідегі пікірлерді оқып, болып жатқан оқиғалардан хабардар болып отырғанын жеткізді. Қазір әйел қызымен қайта жүздесіп, көптен күткен қуанышты сәтті бірге атап өтуді асыға күтіп жүр. Дегенмен ол бұл күнді өмірден өткен анасының көре алмағанына өкініш білдірді. Айтуынша, анасы немересінің табылғанын және қызының осындай бақытты сәтке жеткенін көре алмай кеткен.

Еске салайық, бұған дейін Наташа Қалымбетова әлеуметтік желіде 17 жасында төрт ауылдасы тарапынан зорланғанын мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, оқиға болғаннан кейін ұзақ жыл бойы құқық қорғау органдарына жүгінбей, кейін шетелге көшіп кеткен.

Осы мәлімдемеден кейін құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған еді.