Қазақстанның ең қарт тұрғыны ретінде танылған Түймегүл Темірбаева 116 жасында өмірден өтті. Қаралы хабарды Ұлытау облысының әкімдігі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ұлытау облысының әкімдігі ғасырдан астам ғұмыр кешкен Түймегүл Темірбаеваның қайтыс болуына байланысты марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Өңір әкімдігінің мәліметінше, ұзақ жасаған кейуана бірнеше ұрпақтың өсіп-жетілуіне куә болып, әулетінің ақылшысы әрі тірегі болған.
15 немере, 25 шөбере сүйген
Түймегүл Темірбаева өмірінде 15 немере мен 25 шөбере сүйген. Әкімдік таратқан көңіл айту хабарламасында оның отбасы мен қоғам өміріндегі орны ерекше атап өтілді.
Марқұм ұзақ ғұмырында тек отбасының жағдайына көңіл бөліп қана қоймай, елдегі маңызды оқиғалар мен қоғамдық өзгерістерді де назарда ұстаған.
Ұлытау облысының әкімдігі Түймегүл Темірбаеваның өнегелі өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі болып қалатынын жеткізді.
"Ғасырдан астам ғұмыр кешкен ананың өнегелі өмір жолы мен жарқын бейнесі ұрпақтарының жадында ғана емес, еліміздің тарихында да сақталатынына сенімдіміз", – делінген әкімдіктің көңіл айтуында.
116 жасында дүниеден өткен Түймегүл Темірбаева бірнеше тарихи кезеңді бастан өткеріп, бір ғасырдан астам уақыттың куәсі болды.