Тегін дәрі неге науқасқа жетпейді? Бектенов министрлікке талап қойды

Тегін дәрі неге науқасқа жетпейді? Бектенов министрлікке талап қойды
Primeminister.kz

Қазақстанда тегін берілуі тиіс дәрілерді науқастардың өз қаражатына сатып алуға мәжбүр болуы - жол беруге болмайтын жағдай. Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне дәрілік препараттардың сапасы мен тиімділігіне қатысты азаматтардың шағымдарын тұрақты бақылауды тапсырды. Оның айтуынша, кейбір дәрілердің әсері төмен болуы немесе жанама әсерлер туындауы туралы өтініштер назардан тыс қалмауы керек.

Сонымен қатар Бектенов тегін дәрі-дәрмек алу тәртібі азаматтарға түсінікті әрі қолайлы болуы қажет екенін атап өтті. Әр пациент қандай препаратты тегін алуға құқылы екенін, оны қайдан және қашан алуға болатынын, қиындық туындаса қайда жүгіну керегін білуі тиіс.

Премьер-министр бұрын қолданған дәріні басқа өндірушінің препаратына ауыстырған жағдайда да оның себебі мен жаңа дәріні қолдану тәртібі түсіндірілуі қажет екенін айтты. Бұл әсіресе ұзақ уақыт немесе тұрақты ем қабылдайтын балалардың ата-аналары үшін маңызды.

Бектеновтің пікірінше, ақпараттың жеткіліксіздігі мен әкімшілік рәсімдер ауыр дертке шалдыққан науқастарға кедергі болмауы керек. Ол электронды рецепт пен онлайн растау жүйелері енгізіліп жатқанын еске салып, тегін дәрі беруден бас тарту жағдайларына жол бермеуді тапсырды.