Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Ақтауда баланың әкесі балалар хирургіне шабуыл жасаған оқиғаға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, медицина қызметкерінің кінәсі болса, оны тергеу анықтайды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Журналист министрден дәрігерлердің заңсыз әрекетінен қорыққан науқастар 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылу қаупіне байланысты үнсіз қалуы мүмкін бе деп сұрады.
Министр дәрігердің жұмыс орнында кәсіби міндетін атқарып жатқан сәтте оған күш қолдануды ақтауға болмайтынын айтты.
«Адам жұмыс орнында болып, өзінің кәсіби міндетін атқарып жатыр. Сол сәтте оған шабуыл жасап, ұрып-соғып, жұлқылау дұрыс деп ойлайсыз ба?» – деді ол.
Әлназарованың мәліметінше, аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу екі тараптың да әрекетіне құқықтық баға береді. Министр сәуір айында Қазақстанда медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін жауапкершілік күшейтілгенін еске салды. Қазір ел бойынша осы баппен 50-ге жуық қылмыстық іс қозғалған.
«Егер тергеу барысында дәрігердің кінәсі анықталса, онда кейін көре жатармыз», – деп толықтырды министр.
Оқиға 31 қазанда болған. Бала сағат 15:40-та ішінің ауырсынуына және жалпы әлсіздікке шағымданып, қабылдау бөліміне жеткізілген. Кезекші хирург оны қарап, қан талдауын және құрсақ қуысының рентгенін тағайындаған. Тексеру нәтижесінде шұғыл операцияны қажет ететін патология анықталмаған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының нұсқасы бойынша, жанжал дәрігердің баланың ата-анасына тексеру нәтижесін түсіндіріп, спазмолитик тағайындау қажеттігін айтқан кезінде басталған. Осы сәтте баланың әкесі агрессия танытып, үстелді теуіп, дәрігерді мойнынан ұстап, буындырып, қабырғаға итеріп, ұрған.
Басқарма өкілдері бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделегенін хабарлады. Тексеру барысында дәрігер тарапынан медициналық этика мен деонтология талаптарының бұзылғаны немесе жанжалға себеп болуы мүмкін әрекеттер анықталмаған. Оқиға кезінде қабылдау бөлімінде басқа пациенттердің ата-аналары да болған.