Ажырасқаннан кейін заңды әке мәртебесінен бас тартуға бола ма? Конституциялық сот норманы тексереді

Ажырасқаннан кейін заңды әке мәртебесінен бас тартуға бола ма? Конституциялық сот норманы тексереді
Фото: ЖИ

Қазақстандық азамат заңды әке мәртебесінен бас тартуға қатысты талаптарды қайта қарауды сұрап, Конституциялық сотқа жүгінді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Informburo.kz мәліметінше, ер адам баланың өзінің биологиялық перзенті емес екенін әуелден білген. Соған қарамастан, туу туралы куәліктегі «әкесі» деген бағанға өз аты-жөнін жаздыруға ерікті түрде келіскен.

Алайда әйелімен ажырасқаннан кейін ол сотқа жүгініп, баланың туу туралы құжатынан өзі туралы мәліметтерді алып тастауды сұраған. Осылайша, баланы асырау мен тәрбиелеуге байланысты міндеттерден босатуды көздеген.

Сот оның талабын қанағаттандырмады. Өйткені қолданыстағы заңға сәйкес, ер адам баламен биологиялық туыстығы жоқ екенін алдын ала біле тұра, өзін оның әкесі ретінде тіркетсе, кейін заңды әке мәртебесінен бас тарта алмайды.

Осыған байланысты азамат «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстегі және Жоғарғы соттың нормативтік қаулысындағы тиісті нормалардың Конституцияға сәйкестігін тексеруді сұрады.

Конституциялық сот өтінішті қарап, қабылданған шешімді кейін жариялайды.