Маңғыстаудағы әскери қызметшілердің қазасы: 300-ден аса адамнан жауап алынған

Маңғыстаудағы әскери қызметшілердің қазасы: 300-ден аса адамнан жауап алынған
ЖИ: Dalanews.kz

Маңғыстауда әскери қызметшілердің қаза табуына қатысты тергеу барысы Бас прокуратураның ерекше бақылауында, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табу дерегі бойынша қылмыстық істі тергеуді жалғастырып жатыр.

Қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты анықтау үшін кешенді тергеу әрекеттері жүргізілген.

"Қазірге дейін 300-ден аса адамнан жауап алынып, 30-дан аса сот сараптамасы мен зерттеу жүргізілді", - деп жазылған хабарламада.

Еске салайық, тергеу барысында қызметке салғырт қарады және кеме жүргізу қағидаларын бұзды деген күдікпен 8 лауазымды тұлға сот санкциясымен қамауға алынды. Олар - Қарулы Күштердің Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, оның бірінші орынбасары мен жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары, екі әскери бөлімнің командирлері, теңіз жаяу әскері батальоны мен ротасының командирлері, сондай-ақ, катер капитаны.

"Жақын арада тергеу әрекеттерін аяқтап, қылмыстық процеске қатысушыларды іс материалдарымен таныстыру жоспарланып отыр. Тергеу барысы Бас прокуратураның ерекше бақылауында", - деп жазылған хабарламада.