Жетісайда тұрғындардың жеке деректері тараған: екі шенеунік жазаланды

Жетісайда тұрғындардың жеке деректері тараған: екі шенеунік жазаланды
Фото: ЖИ

Түркістан облысының әкімдігі Жетісай ауданында азаматтардың жеке деректері заң талаптарын бұза отырып таратылғанын растады. Оқиғаға байланысты аудан әкімінің орынбасары мен бөлім басшысына 200 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынған. Бұл туралы облыс әкімінің аппараты Dalanews.kz тілшісінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

2026 жылғы қазанда әлеуметтік желіде Жетісай және Сарыағаш аудандарындағы "А" және "В" санаттарына енгізілген азаматтардың жеке деректері WhatsApp чаттарында тарап кеткені туралы ақпарат жарияланған еді. Тізімдерде тұрғындардың ЖСН-і, мекенжайы және әлеуметтік жағдайына қатысты мәліметтер болғаны айтылды.

Осыдан кейін облыс әкімдігі уәкілетті органмен бірлесіп, деректердің үшінші тұлғаларға қалай тарағанын анықтау мақсатында тексеру жүргізген.

"Аталған дербес деректер Жетісай ауданындағы азаматтардың тұрғылықты мекенжайларын нақтылау үшін қызметкерлер арасында таратылған. Алайда дербес деректерді жинақтау және өңдеу барысында “Дербес деректер және оларды қорғау туралы” заң талаптарының өрескел бұзылуына жол берілген", – делінген ресми жауапта.

Оқиғаға Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті құқықтық баға берген. Нәтижесінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 79-бабының 2-бөлігі бойынша Жетісай ауданы әкімінің орынбасары С. Примбеков пен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы О. Қаныбековке қатысты хаттама толтырылған. Оларға 200 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.

Бұдан бөлек, облыс әкімдігі аталған лауазымды тұлғалардың жұмыс барысында салғырттық танытқанын мәлімдеді.

"Жетісай ауданы әкімдігінің кінәлі лауазымды тұлғаларына “сөгіс” түріндегі тәртіптік жаза қолданылды", – деп хабарлады әкімдік.

Ресми мәліметке сәйкес, облыстағы аудан және қала әкімдіктерінде азаматтардың жеке деректерінің заңсыз таралуына жол бермеу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Бұл мәселе қатаң бақылауға алынған.