Қарағанды тұрғыны Екатерина Приходько марқұм ағасынан қалған баспананың үлесін иелену үшін қала әкімі Мейрам Қожықовты сотқа беріп, істі жеңіп шықты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сот дерегінше, әйелдің ағасы 2020 жылғы 9 ақпанда қайтыс болған. Алайда оның өлімі арада алты жылдан астам уақыт өткен соң, 2026 жылғы 16 маусымда ғана мемлекеттік тіркеуге алынған.
Марқұмнан тұрғын үйдің жарты үлесі мұраға қалған. Екатерина Приходько мұрагерлік құқығын рәсімдеу үшін нотариусқа жүгінгенімен, заңда белгіленген алты айлық мерзімнің өтіп кетуіне байланысты құжат ала алмаған.
Осыдан кейін әйел мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіруді және өзін мұраны қабылдаған мұрагер ретінде тануды сұрап, Қарағанды қаласының әкіміне қарсы сотқа талап арыз түсірген.
"Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық №2 соты мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру және талап қоюшыны мұраны қабылдаған деп тану туралы азаматтық істі қарады", – делінген сот хабарламасында.
Іс материалдары мен ұсынылған дәлелдерді зерделеген сот мұрагерлік мерзімнің дәлелді әрі объективті себептермен өткізіліп алынғанын анықтады. Нәтижесінде сот Екатерина Приходьконың талабын қанағаттандырып, оның марқұм ағасынан қалған үйдің жарты үлесіне мұрагерлік құқығын мойындады.