“Үйімде түстен кейін ешкім жарық жақпайды”. Энергетика министрі қазақстандықтардың шағымына жауап берді

“Үйімде түстен кейін ешкім жарық жақпайды”. Энергетика министрі қазақстандықтардың шағымына жауап берді
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуіне көшкеннен кейін электр энергиясын тұтыну шамамен 1-1,5 пайызға артқан. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Parуz.kz журналисі уақыт белдеуі өзгергеннен кейін Астана мен бірқатар өңір тұрғындарының күндіз жарық жағуға мәжбүр болып отырғанын айтты. Ол елордадағы үй шаруашылықтарының бұрын және қазір қанша электр энергиясын тұтынатынын, отбасылардың үнемдегенін немесе қосымша шығынға ұшырағанын көрсететін нақты есеп бар-жоғын сұрады.

Министрлік өкілі ел бойынша электр энергиясын тұтыну көлемінің артқанын растады. Оның сөзінше, бұған дейін жүргізілген бағалау тұтыну деңгейінің шамамен 1-1,5 пайызға өскенін көрсеткен.

"Шынымды айтсам, сіз айтып отырған ауқымды флешмобтарды көрген жоқпын. Электр энергиясын тұтыну бойынша аздаған өсім бар. Оны шамамен 1-1,5 пайыз деп бағалаған едік", – деді ведомство өкілі.

Ол Астана тұрғындарының түстен кейін жарық жағуға мәжбүр болып отырғанын байқамағанын да айтты.

"Өзім де үй иесімін. Менің үйімде түстен кейін ешкім жарық жақпайды", – деді ол.

Бұған журналист баспасөз мәслихаты өтіп жатқан залда сағат 13:00-де жарық қосылып тұрғанын еске салды. Алайда модератор бұл мәселе жиын тақырыбына қатысы жоқ екенін айтып, келесі сұраққа көшуді сұрады.