Қазақстанда 2027 жылдан бастап микро және шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу ұсынылды. Алайда бұл шара кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені қаншалық азайтады? Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Венера Жаналина бастаманың тиімділігі мен айыппұлдың өсу себептерін түсіндірді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Президент 28 қазандағы жолдауында бизнеске түсетін әкімшілік жүктеме мәселесін көтерді. 2026 жылдың алғашқы жартысында жеке кәсіпкерлер жасаған құқықбұзушылықтар саны 34 пайызға азайғанымен, салынған айыппұлдың жалпы сомасы шамамен 11 пайызға өскен. Сонымен қатар, жоспардан тыс тексерістер саны ондаған есе артқан.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы 2027 жылдан бастап микро және шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Құқықбұзушылық азайса да, айыппұл неге көбейді?
Венера Жаналинаның айтуынша, айыппұлдардың жалпы сомасы өсуіне айлық есептік көрсеткіш (АЕК) ұлғаюы әсер еткен. 2025 жылы АЕК 3 932 теңге болса, 2026 жылы 4 325 теңгеге жетті. Мәселен, 10 АЕК мөлшеріндегі айыппұл 39 320 теңгеден 43 250 теңгеге дейін өсті. Алайда айыппұлдың АЕК бойынша белгіленген мөлшері өзгерген жоқ.
Finprom дерегіне сәйкес 2026 жылдың алғашқы жартысында жеке кәсіпкерлерге салынған айыппұлдың жалпы сомасы 10,8 пайызға өсіп, 2,86 миллиард теңгеден 3,17 миллиард теңгеге жеткен.
Ал бұл соманы шартты түрде 2025 жылғы АЕК мөлшерімен қайта есептегенде өсім небәрі 0,7 пайыз шамасында болады. Дегенмен сарапшы барлық айыппұл АЕК негізінде есептелмейтінін, сондықтан оның нақты әсерін дәл анықтау мүмкін емес екенін атап өтті.
Тағы бір маңызды жайт - құқықбұзушылықтардың жалпы саны 34 пайызға азайғанымен, ақшалай айыппұл салу жағдайлары шамамен 2 пайызға көбейіп, 24,5 мыңға жеткен. Ал ескерту беру 51,9 мыңнан 22,6 мыңға дейін қысқарған.
Нәтижесінде әкімшілік жауапкершілікке тартылған жеке кәсіпкерлер арасында айыппұл алғандардың үлесі 31,6 пайыздан 52 пайызға дейін өскен.
Алайда сарапшы мұны кәсіпкерлерге бұрынғыдан жиі айыппұл салына бастады деп біржақты бағалауға болмайтынын айтты. Себебі құқықбұзушылықтардың құрылымы да өзгерген. Мысалы, салық есептілігі мен жекелеген құжаттарды тапсырмауға қатысты құқықбұзушылықтар саны шамамен 26 мыңнан 518 жағдайға дейін азайған.
Айыппұл сомасы өсуіне сауда және қаржы саласы да айтарлықтай әсер еткен. Бұл бағытта айыппұлдардың жалпы сомасы 57,9 пайызға артып, 383 миллион теңгеден 605 миллион теңгеге жеткен. Соның ішінде алкоголь өнімдерін сату талаптарын бұзғаны үшін салынған айыппұлдар 173,1 миллион теңгеге көбейген.
Жаңа мораторий қаншалық тиімді болады?
Венера Жаналинаның пікірінше, мораторийдің тиімділігін тек тексерістер саны қысқаруымен бағалау жеткіліксіз. Ең бастысы - кәсіпкерлердің әкімшілік талаптарды орындауға жұмсайтын уақыты мен шығындарын азайту.
Сарапшы мемлекеттік бақылау жүйесін цифрландырумен қатар, әкімшілік рәсімдерді жеңілдетіп, бірін-бірі қайталайтын талаптарды жою қажет деп есептейді.
Сондай-ақ, елеулі зиян келтірмеген құқықбұзушылықтар үшін бірден айыппұл салу тәртібін қайта қарауды ұсынады.
Венера Жаналина мораторийдің нақты нәтижесі кәсіпкерлердің шығындары мен уақытын үнемдеуден, бизнес қызметін негізсіз шектеу азаюынан және мемлекеттік реттеу талаптарының тұрақтылығынан көрінуге тиіс деп санайды.