Ауылдан қалаға көшу неге көбейді: мәселені инфрақұрылым шеше ала ма?

Ауылдан қалаға көшу неге көбейді: мәселені инфрақұрылым шеше ала ма?
ЖИ: Dalanews.kz

Қазақстанда инфрақұрылымды дамыту ауыл-аймақтың тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, өңірлердегі жұмыс орындарын көбейтіп, халықтың тұрақтап қалуына мүмкіндік береді. Бұл туралы өңірлік даму саласындағы сарапшы, Qazaq Expert Club мүшесі Фатима Герфанова мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Президенттің 2026 жылғы Жолдауындағы негізгі бағыттардың бірі – ауқымды инфрақұрылымдық құрылыс жұмыстарын бастау. Оның мақсаты – технологиялық тұрғыдан дамыған, экономикасы бәсекеге қабілетті, инфрақұрылымы заманауи және халықтың өмір сүру сапасы жоғары ел қалыптастыру.

Сарапшының пікірінше, бұл бастама ауылдық жерлердегі тұрмыс жағдайын жақсартып, экономикалық мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашады.

Қала мен ауыл арасындағы айырмашылық әлі де бар

Қазақстан соңғы жылдары инфрақұрылымды жаңарту бағытында бірқатар жұмыс атқарды. Дегенмен қала мен ауыл тұрғындарының өмір сүру жағдайы арасындағы айырмашылықты азайту мәселесі өзекті болып отыр. Үкіметтің 2025 жылғы дерегіне сәйкес, өңірлік стандарттар жүйесі бойынша қажетті нысандар мен қызметтермен қамтамасыз етілу деңгейі қалаларда орта есеппен 89,1 пайызды, ал ауылдарда 67,6 пайызды құраған.

Бұл көрсеткіштер ауылдық жерлерде инфрақұрылымды дамытуға әлі де басымдық беру қажеттігін көрсетеді.

2025 жылы ауылдан қалаға көшкендер саны рекордтық деңгейге жетті

Өңірлерді дамытудың маңызын ішкі көші-қон көрсеткіштері де айқындайды. 2025 жылы ауыл халқының қалаға көшуі нәтижесінде таза көші-қонның теріс сальдосы 129,4 мың адамға жеткен. Бұл – 2000–2025 жылдар аралығындағы ең жоғары көрсеткіш.

Осыған байланысты ауылдық жерлерде жұмыс істеуге және тұруға қолайлы жағдай жасау маңызды. Ол үшін тек жол, су құбыры мен басқа да нысандарды салу жеткіліксіз. Халықты жұмыспен қамтуға, кәсіпкерлікті дамытуға және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға да көңіл бөлу қажет.

Инфрақұрылым жеке инвестиция тартуға мүмкіндік береді

Инфрақұрылымға салынған инвестиция жеке бизнестің дамуына да ықпал етеді. Коммуникациялардың қолжетімді болуы кәсіп ашуға және өндіріс орындарын орналастыруға кететін шығынды азайтады. Ал тұрғын үй мен әлеуметтік нысандардың дамуы қажетті мамандарды өңірге тартуға көмектеседі.

Егер ауданда сұранысқа ие кәсіпкерлік жобалар іске қосылса, құрылыс жұмыстары жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жергілікті жеткізушілерге тапсырыстың көбеюіне және халық табысының өсуіне жол ашады. Сондықтан инфрақұрылымдық жобалардың тиімділігін тек салынған нысандардың санымен бағалау жеткіліксіз. Жеке инвестиция көлемі, құрылған жұмыс орындары және салық түсімдерінің өсімі де ескерілуі керек.

Ауданның даму жоспары не үшін қажет?

Сарапшының пікірінше, өндірістік нысандардың, тұрғын үйлердің және әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы өзара үйлесімді болуы қажет. Мәселен, өндіріс орны ашылғанымен, тұрғын үй мен әлеуметтік қызметтер жеткіліксіз болса, мамандарды сол өңірге тарту қиындайды. Сол сияқты, жұмыспен қамту мүмкіндігі ескерілмей салынған қоғамдық нысандар да күткен нәтижені бермеуі мүмкін.

Мұндай мәселелердің алдын алу үшін облыстар мен ауылдық аудандар деңгейінде ұзақ мерзімді даму жоспарларын нақтылау қажет. Нысандардың орналасуы мен қуатын белгілеу кезінде демографиялық болжамдар, жұмыспен қамту перспективалары және тұрғындардың ұсыныстары ескерілуге тиіс.

Ауылда қалуға қандай жағдай қажет?

Ауданда жұмыс орындары көбейіп, кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік туса, балалардың білім алып, дамуына қолайлы орта қалыптасса, тұрғындардың сол жерде тұрақтап қалуына негіз пайда болады. Өңірдің тартымдылығы халық арасында жүргізілетін сауалнамалар арқылы да бағалануы мүмкін. Сонымен қатар жұмыспен қамту деңгейінің өзгеруі, жеке инвестиция көлемі мен салық түсімдерінің өсуі инфрақұрылымға салынған қаражаттың нәтижесін көрсететін негізгі өлшемдер болуы керек.

Осылайша, инфрақұрылымды экономикалық және әлеуметтік дамумен ұштастыру ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартып, халықтың қалаға жаппай көшуін азайтуға ықпал етуі мүмкін.