Елімізде 28 сүт фермасының құрылысы жүріп жатыр

Елімізде 28 сүт фермасының құрылысы жүріп жатыр
Фото: ЖИ

Қазақстанда жылына 142 мың тонна сүт өндіретін 28 тауарлық сүт фермасы салынып жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Солтүстік Қазақстан облысында сәтті жүзеге асқан тәжірибені өзге өңірлерге тарату жұмыстары жалғасып келеді. Осы бастама аясында елімізде заманауи сүт фермаларының желісі кеңейтілмек.

"Биылғы жылдың соңына дейін іске қосылған фермаларды жобалық қуатының 70 пайызына жеткізу көзделіп отыр. Ал келесі жылы олар толық қуатында жұмыс істеуге тиіс. Жалпы жылына 462 мың тонна сүт өндіретін 71 ферма туралы сөз болып отыр", – деді Айдарбек Сапаров.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қазір жылына 600 мың тоннадан астам сүт өндіруге мүмкіндік беретін 99 жоба қаржыландырылған. Соның ішінде жалпы қуаты 142 мың тоннаға жететін 28 тауарлық сүт фермасының құрылысы жүріп жатыр.

Сонымен қатар келесі жылы іске асырылатын жобалар да әзірленген. Жоспар бойынша жылдық өндіріс көлемі 228 мың тоннаны құрайтын тағы 21 тауарлық сүт фермасы салынбақ.