Тоқаевтың Түркияға сапары: түркиялық БАҚ бұл жайында не жазды?

Тоқаевтың Түркияға сапары: түркиялық БАҚ бұл жайында не жазды?
Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 28-30 қазан аралығында Режеп Тайип Ердоғанның шақыруымен Түркияға ресми сапармен барды. Түркиялық Anadolu және TRT Haber басылымдары екі ел басшыларының кездесуіне, кеңейтілген стратегиялық серіктестікті нығайтуға және қорғаныс өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастыққа назар аударды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ердоғанның өзі салтанатты түрде қарсы алды

Anadolu агенттігі мәліметінше, Тоқаевты Анкарадағы Этимесгут әуежайында Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның өзі қарсы алды. Мемлекет басшысының құрметіне салтанатты рәсім ұйымдастырылып, Қазақстан мен Түркияның мемлекеттік әнұрандары орындалды. Құрмет қарауылы сап түзеп, Тоқаев әскери қызметшілермен сәлемдесті. Рәсім барысында 21 артиллериялық залп берілді.

28 қазанда екі ел президенті Анкарадағы Президент сарайында жеке кездесу өткізіп, кейін делегациялармен келіссөздер жүргізді. Anadolu агенттігінің жазуынша, тараптар екіжақты қарым-қатынастарды, сондай-ақ, өңірлік және жаһандық мәселелерді талқылады.

Ердоған Қазақстан мен Түркия арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту қажеттігін атап өтті. Ол сауда, инвестиция, энергетика, көлік және қорғаныс өнеркәсібі салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға басымдық берілетінін айтты.

Түркия Президенті Анкараның Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалығы кезінде ұйымның ақсақалдар кеңесінің жұмысын жандандыруға күш салатынын, бұл бағытта Қазақстанмен тығыз байланыс жалғасатынын да жеткізді. Сонымен қатар, Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевты Антальяда 11-12 қарашада өтетін COP31 халықаралық климаттық саммитіне шақырды.

Екі ел сауда мен қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты нығайтпақ

Түркияның қорғаныс өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастыққа да ерекше назар аударылды. Түркия Президенті Әкімшілігінің Қорғаныс өнеркәсібі басқармасының басшысы Халук Гөргүн Қазақстанмен бірлескен жұмысты кеңейтіп, тереңдетуге ниетті екенін мәлімдеді.

Cурет: aa.com.tr

Оның айтуынша, қорғаныс өнеркәсібі екі ел арасындағы маңызды ынтымақтастық бағыттарының бірі саналады. Гөргүн Түркияның соңғы ширек ғасырда бәсекеге қабілетті өнімдер шығаруға және бірлескен өндірісті қолдауға негізделген қорғаныс өнеркәсібін қалыптастырғанын атап өтті.

Ол Қазақстанмен өзара тиімділік қағидаты негізінде ынтымақтастықты нығайту екі елдің қауіпсіздігі мен түркі әлемінің әл-ауқатына үлес қосатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға сапары 30 қазанға дейін жалғасады. Сапар аясында Қазақстан Президенті Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитіне қатысады.