"Борат": Саша Барон Коэн қазақстандықтардан кешірім сұрады

"Борат": Саша Барон Коэн қазақстандықтардан кешірім сұрады
ашық дереккөз

Британдық актер әрі комик Саша Барон Коэн Қазақстан халқынан кешірім сұрап, өзі сомдаған Борат бейнесінің шынайы Қазақстанға еш қатысы жоқ екенін айтты. Happy Sad Confused подкастына берген сұхбатында ол Қазақстан елшілігінің кезінде фильмге қатысты шағымдануы орынды болғанын мойындады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Коэннің айтуынша, Бораттың шыққан елі бастапқыда Молдова мен Албания болған. Кейін ол Қазақстанды таңдаған, өйткені сұхбаттасатын адамдардың бұл ел туралы аз білетінін және ойдан шығарылған оқиғаларға сенуі мүмкін екенін болжаған.

«Қазақстан елшілігінен шағым түсті. Шынын айтқанда, ол әбден орынды еді», – деді актер.

Сондай-ақ ол қазақстандықтардан кейіпкерінің сөйлеу мәнеріне еліктегені үшін кешірім сұрады. Коэннің сөзінше, Бораттың әрекеті Қазақстанды емес, өзі сөйлескен адамдардың надандығын әшкерелеуге бағытталған.

2006 жылы шыққан «Борат» комедиясында Қазақстан әдейі бұрмаланып көрсетіліп, басты кейіпкер нәсілшілдік, антисемиттік және сексистік көзқарастарды ашық білдіреді. Бұл фильм қазақстандықтардың наразылығын тудырды. 2020 жылы оның жалғасы жарық көрді.

Борат бейнесіне қатысты дау кинотеатрмен ғана шектелмеді. 2012 жылы Кувейттегі нысана көздеу жарысында қазақстандық спортшы Мария Дмитриенконы марапаттау кезінде ел әнұранының орнына фильмдегі пародиялық ән қойылды. Ұйымдастырушылар кейін кешірім сұрап, рәсімді қайта өткізді.

Кейін Қазақстан бұл кейіпкердің танымалдығын туризмді насихаттауға пайдалануға тырысты. 2020 жылы Kazakh Tourism «Very nice!» («Өте керемет!») тіркесін жарнама науқанына қосып, елдің табиғаты мен көрікті жерлерін таныстырды.