Халықаралық валюта қорының болжамынша, 2026 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 398 млрд долларға жетуі мүмкін. Бұл 2025 жылғы 306 млрд доллармен салыстырғанда шамамен 30 пайызға көп. Алайда көрсеткіштің күрт өсуі ел экономикасындағы нақты өндіріс көлемі бір жылда үштен бірге артты дегенді білдірмейді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Desht сараптамасында Қазақстандағы жан басына шаққандағы ЖІӨ өсімінің қарқыны өзімен деңгейлес бірқатар елден жоғары екені айтылған. Мәселен, 2025 жылы Түркия, Ресей және Беларусь бұл көрсеткіш бойынша 17–19 пайыз аралығында өсім көрсеткен. Гана, Малави және Гаитиде өсім 29–35 пайызға жеткенімен, олардың жан басына шаққандағы ЖІӨ көлемі Қазақстанмен салыстырғанда 5–20 есе төмен.
Қазақстан экономикасының доллармен есептелген көлемін ұлғайтып отырған үш негізгі фактор бар. Оның біріншісі – нақты экономикалық өсім. ХВҚ 2026 жылы Қазақстанның нақты ЖІӨ-сі 4,4 пайызға өседі деп болжайды. Үкіметтің тоғыз айдағы дерегі бойынша, экономикалық өсім 4,2 пайызды құраған. Дегенмен бұл көрсеткіш жалпы өсімнің аз ғана бөлігін түсіндіреді.
Екінші фактор – теңгенің долларға қатысты нығаюы. Есепке сәйкес, ұлттық валютаның бағамы 2025 жылғы орташа 522 теңгеден 2026 жылы 484 теңгеге дейін нығайған. Егер жыл соңына дейін қазіргі бағам сақталса, доллардың орташа құны 470 теңгеге жуықтауы ықтимал. Теңге нығайған сайын Қазақстанда өндірілген тауарлар мен көрсетілген қызметтердің доллармен есептелген құны арта түседі.
Негізгі ықпал етуші фактор – бағаның өсуі. ХВҚ ЖІӨ дефляторын, яғни елде өндірілген тауарлар мен қызметтер бағасының жалпы өзгерісін 15,6 пайыз деңгейінде бағалап отыр. Ал алғашқы жартыжылдықтағы көрсеткіш 11,4 пайыз болған.
Алдын ала есеп бойынша, Қазақстанның доллармен өлшенген ЖІӨ өсімінің 56 пайызы бағаның қымбаттауына, 28 пайызы теңгенің нығаюына, ал 16 пайызы нақты өндіріс көлемінің артуына тиесілі.
Демек, 400 млрд долларға жуық көрсеткіш экономиканың бір жылда 30 пайызға кеңейгенін білдірмейді. Бұл көбіне ішкі тауарлар мен қызметтердің халықаралық валютадағы құнының өсуінен қалыптасып отыр. Мұнай бағасының былтырғы барреліне шамамен 70 доллардан қазіргі 114 долларға дейін көтерілуі де номиналды көрсеткішке елеулі әсер еткен. Сондықтан шикізат бағасы немесе валюта бағамы өзгерсе, доллармен есептелетін ЖІӨ көлемі де айтарлықтай құбылуы мүмкін.