Қазақстан Үкіметі Президенттің халыққа Жолдауын жүзеге асыру үшін нақты іс-қимыл жоспарын әзірлейді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл мәселе Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралды.
Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауы алдағы кезеңге арналған мазмұндық тұрғыдан ең ауқымды бағдарламалық құжат екенін атап өтті.
«Президент жариялаған ауқымды “Халықтық құрылыс” бағдарламасы экономиканың барлық саласындағы түбегейлі инфрақұрылымдық өзгерістер мен реформаларға жол ашады. Жалпыхалықтық жоба жұмыспен қамту деңгейін арттырып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға үлкен серпін береді», – деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, Әділетті, Күшті, Таза және Озық Қазақстанды құру үшін елдің әлеуеті мен заманауи инновациялар ұсынатын мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажет.
Үкімет отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттары бойынша мемлекеттік органдардың басшылары баяндама жасады.