«Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов қызметінен босатылды. Кадрлық шешім Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың энергетика саласындағы мәселелерді қатаң сынауынан кейін қабылданды, деп хабарлайды dalanews.kz.
«Самұрық-Қазына» қоры басқармасының шешімімен Қайрат Мақсұтов «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы қызметінен кетті. Ол компанияны 2023 жылдың маусым айынан бері басқарған.
Қызметінен босатуға стратегиялық инвестициялық жобалардың баяу жүзеге асырылуы, сондай-ақ жаңа электр қуатын өндіретін нысандардың құрылысы мен оларды пайдалануға беру мерзімдерінің тиісті деңгейде қадағаланбауы себеп болған.
Бұл шешім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан кейін қабылданып отыр.
Президент Жолдауында елдің энергетика саласындағы жағдайды қатаң сынға алған еді. Атап айтқанда, Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы ұзақ жылдар бойы шешілмей келе жатқанын, сондай-ақ көрші елдермен электр энергиясын тиімсіз шарттармен алмасу тәжірибесі қалыптасқанын айтқан.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Алматы, Түркістан, Қызылорда және Екібастұз қалаларында жаңа электр қуатын өндіретін нысандарды іске қосу мерзімдерінің сақталмағанына назар аударған.
Айта кетейік, «Самұрық-Энерго» компаниясы елдегі бірқатар ірі энергетикалық жобаны жүзеге асыруға жауапты. Олардың қатарында Алматыдағы №2 және №3 жылу электр орталықтарын газға көшіру, сондай-ақ Екібастұздағы мемлекеттік аудандық электр станцияларын жаңғырту және кеңейту жобалары бар.
Осылайша, Президенттің энергетика саласына қатысты сынынан кейін саладағы алғашқы кадрлық өзгерістердің бірі жасалды.