Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауы аяқталды: қандай мәселелер көтерілді?

Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауы аяқталды: қандай мәселелер көтерілді?
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы аяқталды. Мемлекет басшысы 90 минутқа жуық сөз сөйлеп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымды жаңғырту, цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ алдағы реформаларды жүзеге асыру үшін қоғам санасын жаңғыртудың маңызын атап өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Президенттің айтуынша, елдегі өзгерістердің нәтижелі болуы тек заңдарды жетілдіру мен саяси институттарды нығайтуға байланысты емес. Ол үшін қоғамда жауапкершілік, адалдық және еңбекқорлық қағидаттары орнығуы қажет.

"Жалпы, кез келген реформаны іске асыру үшін заңдарды жетілдіру, саяси институттарды нығайту жеткіліксіз. Ең алдымен, сана жаңғыруға тиіс. Еліміз орнықты дамуы үшін қоғамда жаңа этика орнығуы қажет. «Адал азамат» идеологиясы өміріміздің ажырамас бөлігіне айналуы керек", – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы отаншылдықтың мәні елге адал қызмет ету, заңды құрметтеу және қоғам игілігі үшін еңбек етумен өлшенетінін жеткізді.

"Ал отаншыл болу – заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну, ел игілігі үшін табанды еңбек ету деген сөз. Заңға құрметпен қарайтын адам әрқашанда табысты болады", – деді Президент.

Сонымен қатар Тоқаев қазіргі заманда мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі білім, ғылым және технологиялық жетістіктерге тікелей байланысты екенін атап өтті. Оның сөзінше, жасанды интеллект пен жаңа технологияларды меңгерген елдердің даму мүмкіндігі жоғары.

Президент Қазақстанға білікті ғалымдар, кәсіби инженерлер, ұстаздар мен дәрігерлер әрдайым қажет болатынын айтып, ел болашағын білімді әрі отаншыл азаматтармен байланыстырды.

"Мен Қазақстан әрбір азаматтың дамуына жол ашатын, жалпыға бірдей мүмкіндік беретін, бірлігі бекем, Әділетті әрі Өркениетті мемлекет болуын тілеймін. Аталған мақсатқа жету үшін бар күш-жігерімді салып келемін және алдағы уақытта да солай болады", – деді Мемлекет басшысы.

Жолдауын қорытындылаған Қасым-Жомарт Тоқаев ел алдында тұрған міндеттерді бірлесе жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.

"Бүгін мен елімізде жасалып жатқан ауқымды өзгерістерге кеңінен тоқталдым. Жарқын болашағымызды айқындайтын маңызды бастамалар жөнінде айттым. Алдымызда тұрған тарихи міндеттерді табысты жүзеге асыруымыз керек. Біз әр азаматтың дамуына, барша жұрттың өркендеуіне жол ашатын берекелі қоғам, Әділетті Қазақстанды міндетті түрде құрамыз", – деді Президент.

Мемлекет басшысы сөзінің соңында қазақстандықтарға амандық пен табыс тілеп, Жолдауын "Отанымыз – Қазақ елі мәңгі жасасын!" деген сөзбен аяқтады.