Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырды. Бұл туралы мемлекет басшысы Жолдауда мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Президенттің айтуынша, ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен көтеру жұмысы жалғасады. Осыған байланысты Үкіметке тиісті шаралар қабылдау міндеті жүктелді.
«Ең төменгі жалақы мөлшерін кезең-кезеңімен көбейте береміз. Үкіметке ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар мемлекет басшысы алғашқы медициналық-санитариялық көмек жүйесін жаңғырту қажеттігін атап өтті. Оның сөзінше, жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейтіп, осы саланы қаржыландыру көлемін біртіндеп арттыру маңызды.
Президент Үкіметке келер жылдың 1 қаңтарынан бастап учаскелік қызмет мамандарының жалақысын еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін көтеруді тапсырды. Бұл өзгеріс 77 мыңнан астам медицина қызметкерінің табысын арттыруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Тоқаев әлеуметтік инфрақұрылымға жеке инвестиция тартудың маңызын атап өтіп, мемлекет пен жекеменшік серіктестігі жобаларын тиімді іске асыруды тапсырды. Оның айтуынша, мұндай жобаларды жүзеге асыру кезінде шешім қабылдауды созбалаңға салмай, рәсімдерді жеделдету қажет.