Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) болжамына сәйкес, 2031 жылға қарай Қазақстанда жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) 25,54 мың долларға жетуі мүмкін. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан аймақтағы елдердің арасында бірінші орынға шығуы ықтимал, деп хабарлайды dalanews.kz.
ХВҚ-ның 2026 жылғы қазанда жарияланған «Әлемдік экономиканың дамуына шолу» (World Economic Outlook) баяндамасында Қазақстанның номиналды жалпы ішкі өнімі 397,92 млрд долларға бағаланған. Болжам бойынша, 2026 жылы Қазақстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ 19,31 мың долларды құрайды. Ал 2031 жылға қарай бұл көрсеткіш 25,54 мың долларға дейін өсуі мүмкін.
Аймақтағы елдердің көрсеткіштері
ХВҚ болжамында 2026 және 2031 жылдарға арналған жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткіштері мынадай:
- Қазақстан: 19,31 мың доллар / 25,54 мың доллар;
- Ресей: 19,95 мың доллар / 18,67 мың доллар;
- Түрікменстан: 12,29 мың доллар / 16,11 мың доллар;
- Грузия: 11,23 мың доллар / 17,92 мың доллар;
- Армения: 10,66 мың доллар / 14,49 мың доллар;
- Әзербайжан: 8,5 мың доллар / 9,76 мың доллар;
- Украина: 7,08 мың доллар / 8,97 мың доллар;
- Өзбекстан: 4,58 мың доллар / 7,13 мың доллар;
- Қырғызстан: 3,62 мың доллар / 4,88 мың доллар;
- Тәжікстан: 2,01 мың доллар / 2,74 мың доллар.
Көрсеткіштерге сүйенсек, 2026 жылы жан басына шаққандағы ЖІӨ көлемі бойынша Ресей Қазақстаннан сәл жоғары тұр. Алайда ХВҚ болжамы бойынша, 2031 жылға қарай Ресейдегі бұл көрсеткіш 18,67 мың долларға дейін төмендеуі мүмкін. Ал Қазақстанда өсім жалғасып, 25,54 мың долларға жетеді деп күтіледі.
Осылайша, болжам жүзеге асса, 2031 жылы Қазақстан жан басына шаққандағы номиналды ЖІӨ көлемі бойынша аталған аймақ елдерінің арасында көш бастайды.