Жетісу облысында тиісті лицензиясыз діни білім берген қоғамдық қордың қызметіне қатысты прокуратура сотқа талап арыз түсірді. Сот прокурордың талабын толық қанағаттандырғанымен, шешім әзірге заңды күшіне енген жоқ, деп хабарлайды dalanews.kz.
Талдықорған қаласының прокуратурасы діни қызмет саласындағы заңнама талаптарының сақталуына жүргізілген мониторинг барысында бірқатар заңбұзушылықты анықтаған.
Атап айтқанда, қоғамдық қорлардың бірі тиісті лицензиясыз діни білім берумен айналысқан. Сонымен қатар қордың үй-жайларында сегіз адамның тұрғылықты немесе уақытша болатын жері бойынша тіркеусіз тұрғаны белгілі болған.
Аталған азаматтар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 492-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Заңбұзушылықтардың жолын кесу мақсатында прокуратура қоғамдық қорды тиісті лицензиясынан айыру туралы талап арызды сотқа жолдаған. Сот талапты толық қанағаттандырды. Қор өкілі де қойылған талаптарды мойындаған.
Дегенмен сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Жетісу облысының прокуратурасы діни қызмет саласындағы заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмысты жалғастырып жатқанын хабарлады.