БАӘ-дегі танымал жағажайлар мұнай төгілуіне байланысты шұғыл жабылды

БАӘ-дегі танымал жағажайлар мұнай төгілуіне байланысты шұғыл жабылды
видео кадры

Біріккен Араб Әмірліктеріндегі (БАӘ) танымал жағажайлардың бірқатарына туристерді кіргізуге уақытша тыйым салынды. Бұған теңіз суына мұнай төгілуі себеп болған, деп хабарлайды dalanews.kz.

19 қазанда Шарджа қаласында және елдің басқа да аймақтарында жағымсыз иіс тарағаны туралы хабарламалар пайда болды. Осыдан кейін билік өкілдері жағдайды бақылау үшін ауқымды тексеріс жүргізе бастады. 23 қазанда мамандар жағымсыз иістің танкерден төгілген мұнайдан шыққанын растады.

Мұнай төгілген кеменің нақты атауы ресми түрде жарияланған жоқ. Алайда сарапшылар спутниктен түсірілген суреттерге сүйене отырып, шабуылдан зақымданған Gem No. 2 кемесінен мұнай ағып кетуі мүмкін екенін болжайды.

Мұнай дақтары туристер жиі баратын жағажайларға жақындап келеді. Осыған байланысты Умм-әл-Кувейн қаласындағы жағалау аумақтары, Рас-әл-Хаймадағы барлық қоғамдық жағажайлар және Шарджадағы Әл-Хамрия жағажайы жабылды.

Жағажайлардың қашан қайта ашылатыны әзірге белгісіз.