Геосаяси шиеленіс әлемдік бизнес күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі болып отыр. Бірқатар өңірде оның маңызы арта түскен. Сауалнамаға қатысқан сауда палаталарының 70%-ы геосаяси шиеленіс тарифтер мен инфляциядан да маңызды мәселеге айналғанын айтқан. Бұл көрсеткіш 2025 жылмен салыстырғанда 14 пайыздық тармаққа өскен, деп хабарлайды dalanews.kz.
Әлемдік саудадағы жағдай күрделене түсті
2026 жылы сауалнама жүргізілген елдердің 61%-ындағы сауда палаталары халықаралық сауда жағдайының нашарлауы бизнеске кері әсер етіп жатқанын хабарлаған. Саудадағы белгісіздік кәсіпкерлер үшін ең өзекті мәселеге айналған: респонденттердің 70%-ы осы факторды атаған. Ал кедендік тарифтерді 63%-ы, импорт пен экспортқа қойылған шектеулерді 39%-ы негізгі кедергілер қатарына қосқан. Сонымен қатар саудадағы шектеулерге жауап ретінде қабылдануы мүмкін қарсы шараларға қатысты алаңдаушылық та күшейіп келеді.
Саудадағы келіспеушіліктердің артуына қарамастан, инфляциялық қысым әлі де жоғары. Сауалнамаға қатысқан елдердің оннан тоғызға жуығындағы сауда палаталары бағаның өскенін мәлімдеген. Ал он елдің сегізінде инфляциялық қысым алдағы уақытта да сақталады деген болжам бар.
Компаниялар өндірісті көшіруден гөрі балама нарық іздеуге бейім
Саудадағы кедергілерге жауап ретінде компаниялар өндірісті басқа елге көшіруден гөрі, экспорт бағыттарын әртараптандыруды және жаңа жеткізушілер іздеуді жөн көреді. Сауалнамаға қатысқандардың 73%-ы экспорт нарықтарын кеңейтуді, 64%-ы балама жеткізушілермен жұмыс істеуді тиімді шара деп санайды. Ал өндірісті басқа елге көшіру тәсілінің танымалдығы төмендеп келеді.
Бизнеске деген сенім артып келеді
Әлемдік экономикадағы қысымға қарамастан, бизнестің келешегіне қатысты болжам жақсарған. Сауалнамаға қатысқан елдердің жартысынан көбіндегі сауда палаталары экономикалық ахуалды жақсы, өте жақсы немесе тамаша деп бағалаған. Ал елдердің небәрі 10%-ында жағдай нашар немесе өте нашар деп танылған.
Кәсіпкерлік белсенділіктің артуына қатысты үміт те күшейген. 2026 жылы сауалнамаға қатысқан он елдің алтауындағы сауда палаталары бизнес белсенділігі өседі деп күтеді. 2025 жылы мұндай болжам жасағандар он елдің бесеуі болған.
Жасанды интеллектіні енгізу қарқыны күшейді
Компанияларда жасанды интеллектіні (ЖИ) қолдану ауқымы да кеңейіп келеді. ЖИ технологияларын кеңінен енгізіп жатқанын айтқан сауда палаталарының үлесі 2024 жылдан бері үш есеге жуық өсіп, 32%-ға жеткен. Сауалнамаға қатысқан сауда палаталарының 93%-дан астамы жасанды интеллектінің қарқынды дамуы жалғасады деп есептейді. Ал шамамен 90%-ы бұл технология еңбек өнімділігін арттырады деген пікірде.
Респонденттердің шамамен 40%-ы ЖИ еңбек нарығына оң әсер етеді деп күтеді. Бұл ретте дамушы елдердегі сауда палаталарының болжамы дамыған мемлекеттермен салыстырғанда оптимистік сипатқа ие.
Сонымен қатар сауалнамаға қатысқандардың жартысы жасанды интеллект кеңсе қызметкерлеріне арналған жұмыс орындарының қысқаруына әкелуі мүмкін деп санайды. Ал өндірістік және қол еңбегіне негізделген мамандықтардағы жұмыс орындары азаяды деген болжамды респонденттердің 32%-ы қолдаған.
Қытай ЖИ саласындағы көшбасшы ретінде бағаланып отыр
Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі әлемдік бәсекеде Қытайдың орны нығайып келеді. Сауалнамаға қатысқан сауда палаталарының жартысы Қытайды ЖИ технологияларын әзірлеуде көш бастап тұрған ел деп есептейді. Ал АҚШ-ты көшбасшы санайтындардың үлесі 38%-ды құраған.
Бір қызығы, Қытайдың ЖИ саласындағы көшбасшылығын Солтүстік Америкадағы сауалнама қатысушыларының арасында да мойындайтындар бар. Бұл әлемдік технологиялық бәсекеде күштердің арақатынасы өзгеріп келе жатқанын аңғартады.