АҚШ Сауд Арабиясындағы бірқатар мемлекеттік қызметкер мен олардың отбасы мүшелеріне елден кетуді тапсырды

АҚШ Сауд Арабиясындағы бірқатар мемлекеттік қызметкер мен олардың отбасы мүшелеріне елден кетуді тапсырды
Фото: Kevin Dietsch/Getty Images

АҚШ Мемлекеттік департаменті хуситтердің бірнеше шабуылынан кейін Сауд Арабиясындағы кейбір мемлекеттік қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелеріне елден кетуге бұйрық берді. Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Томми Пиготт мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, АҚШ Мемлекеттік департаменті бейбіт уақытта қызмет атқаратын мемлекеттік қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерінің Сауд Арабиясынан кетуіне қатысты бұйрық шығарған.

«Бұл бұйрық тек Сауд Арабиясына қатысты», – деп жазды Пиготт бейсенбі күні X әлеуметтік желісінде.

Сондай-ақ ол Парсы шығанағындағы басқа елдерде орналасқан АҚШ елшіліктерінің қызметкерлеріне де елден кету туралы тапсырма берілгені жөніндегі ақпаратты жоққа шығарды. Оның сөзінше, кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында тараған мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді.

Бұған дейін бірқатар БАҚ АҚШ елшіліктерінің қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелеріне Сауд Арабиясынан, Біріккен Араб Әмірліктерінен, Иорданиядан, Қатардан және Бахрейннен кету тапсырылғанын хабарлаған еді. Пиготт хуситтердің Сауд Арабиясына қарсы әскери әрекеттерге қатысуы күшейгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл шабуылдар бейбіт тұрғындардың зардап шегуіне және көлік қатынасының елеулі бұзылуына әкеліп отыр.

«Департамент қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерінің қауіпсіздігі – біздің басты басымдығымыз. Оларды қорғау және қолдау үшін барлық қажетті шараны қабылдауды жалғастырамыз», – деді АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі.