Екі кезеңге бөлінеді: мерзімді әскери қызметті өзгеріс күтіп тұр

Екі кезеңге бөлінеді: мерзімді әскери қызметті өзгеріс күтіп тұр
Ақорда

Мемлекет басшысы әскери реформа мәселелері бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Отырыста Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева әскерді жасақтаудың халықаралық тәжірибесін, ұрыс қимылдарын жүргізудің заманауи тәсілдерін және отандық мамандардың ұсыныстарын ескере отырып әзірленген жоспардың негізгі ережелерін таныстырды.

Құжатта мемлекеттің бүкіл әскери жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған институционалдық өзгерістер көзделген.

Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамын қайта қарау, басқару және қорғанысты жоспарлау тетіктерін жетілдіру, Ұшқышсыз жүйелер күштерін құру, сондай-ақ, армияның негізгі компоненттерін нығайту жоспарланып отыр.

Бұл реформаның маңызды аспектісі – мерзімді әскери қызметтің екі кезеңнен тұратын үлгісіне көшу. Әскерге шақырылғандар алғашқы алты айда оқу орталықтарында даярлықтан өтеді. Кейінгі алты айда тікелей әскери бөлімдерде қызмет етеді. Бұл кезеңде жауынгерлік даярлыққа және бөлімшелер құрамында міндеттерді орындауға басымдық беріледі.

Әскери консультанттар мен Әскери қызметшілер істері жөніндегі уәкіл институттарын құру жоспарланып отыр. Сондай-ақ жарғыға сай келмейтін іс-әрекетке жол бермеу және әскери тәртіпті күшейту шаралары қабылданады.