23 қазанда Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешімін жариялайды. Осыған байланысты сарапшылар реттеуші мөлшерлемені бұрынғы деңгейде сақтай ма, әлде төмендете ме деген мәселені талқылап жатыр. Қаржыгер, QazExpertClub сарапшысы әрі EconomiQ Telegram-арнасының авторы Венера Жаналина инвесторлар, бизнес және экспорттаушылар үшін қандай мөлшерлеме тиімді болуы мүмкін екенін саралады, деп хабарлайды dalanews.kz.
22 қазандағы жағдай бойынша Қазақстандағы базалық мөлшерлеме 16,25 пайызды құрайды. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, жылдық инфляция қыркүйекте 9,3 пайызға дейін баяулаған. Тамызда бұл көрсеткіш 9,8 пайыз болған еді.
Осылайша, базалық мөлшерлеме мен нақты инфляция арасындағы айырма 6,95 пайыздық тармаққа жетіп отыр. Алайда сарапшының айтуынша, бұл көрсеткіш ақша-несие саясатының қаншалықты қатаң екенін толық көрсете алмайды. Оны бағалау кезінде нақты инфляциямен қатар, халық пен нарық қатысушыларының инфляциялық болжамын да ескеру қажет.
Инвестор қанша табыс табады?
Қазақстан қор биржасының мәліметінше, 20 қазанда корпоративтік облигациялардың кірістілік индикаторы 16,10 пайызды құрады. Ал халықаралық рейтингі BBB− деңгейінен төмен емес теңгелік корпоративтік облигациялардың кірістілігі 15,50 пайыз болды.
Венера Жаналинаның есебінше, инвестор инфляция 9 пайыз болған кезде жылына 15 пайыз табыс тапса, оның салықтар мен басқа да шығындар шегерілгенге дейінгі нақты кірістілігі шамамен 5,5 пайыз болады.
Дегенмен облигацияның жоғары табыстылығы оның толықтай қауіпсіз екенін білдірмейді. Инвестор эмитенттің қарызын өтей алмау қаупін, бағалы қағаздың өтімділігін және нарықтық құнының өзгеру ықтималдығын да ескеруі керек. Ал шетелдік инвесторлар үшін теңге бағамының өзгеруі қосымша тәуекел туғызады.
"Теңгенің әлсіреуі шетелдік инвестордың пайыздан тапқан кірісінің едәуір бөлігін долларға шаққанда жоққа шығаруы мүмкін. Сондықтан теңгелік құралдардың тартымдылығы тек жоғары мөлшерлемеге емес, инфляцияға, несие және валюта тәуекелдеріне де байланысты", – дейді сарапшы.
Оның пікірінше, инфляция тұрақты түрде төмендеген жағдайда базалық мөлшерлемені біртіндеп азайту инвесторлардың теңгелік активтерге қызығушылығын міндетті түрде төмендетпейді. Ең бастысы, барлық тәуекел ескерілгеннен кейін де нақты кірістілік оң деңгейде қалуға тиіс.
Жоғары мөлшерлеме бизнеске қалай әсер етеді?
Инвестор үшін жоғары мөлшерлеме табыс көзі болса, кәсіпкерлер үшін ол қарыз қаражатының қымбаттауын білдіреді. Несие құнының жоғары болуы компаниялардың өндірісті кеңейту, жабдықтарды жаңарту және айналым қаражатын толықтыру мүмкіндігін шектейді.
Сонымен қатар қаржы құралдарынан жоғары табыс табу мүмкіндігі кәсіпкерлердің нақты өндірістік жобаларға қаржы салуға деген ынтасын төмендетуі ықтимал. Өйткені инвестор өндіріс ашып, ұзақмерзімді тәуекелге барғаннан гөрі, облигация сатып алып, салыстырмалы түрде тұрақты табыс табуды таңдауы мүмкін.
"Бұл жерде қарама-қайшылық туындайды. Қарыз құралдарына салынған жаңа инвестициядан жоғары кіріс алуға мүмкіндік беретін жағдайлар өндірістік жобалардың тартымдылығын бір мезетте төмендетуі мүмкін", – дейді Венера Жаналина.
Бұдан шығатыны – жоғары базалық мөлшерлеменің құнын ең алдымен несие алатын кәсіпорындар мен қаржыландыруға мұқтаж нақты сектор төлейді.
Экспорттаушыларға мықты теңге тиімді ме?
Жоғары базалық мөлшерлеме теңгелік активтерге сұранысты арттырып, басқа жағдайлар өзгермеген кезде ұлттық валютаның нығаюына ықпал етуі мүмкін. Алайда бұл экспорттаушылар үшін әрдайым тиімді емес.
Мысалы, компания шетелге 1 миллион доллардың өнімін экспорттады делік. Доллар бағамы 450 теңге болған жағдайда оның кірісі 450 миллион теңгені құрайды. Ал доллар 480 теңгеге дейін қымбаттаса, дәл сол көлемдегі экспорттан компания 480 миллион теңге алады. Айырмасы – 30 миллион теңге.
Бірақ теңгенің әлсіреуін экспорттаушы үшін біржақты тиімді құбылыс деп бағалауға болмайды. Егер кәсіпорын шетелдік жабдық сатып алса, импорттық бөлшектер пайдаланса немесе валютамен алған несиесін өтесе, оның шығыны да бірге өседі.
"Бағам өзгерісінен түсетін пайда компания табысы мен шығысының қандай валютада қалыптасатынына байланысты. Әсіресе шикізаттық емес экспорттаушылар үшін қаржыландыру құны, еңбек өнімділігі және өнімнің өзіндік құнындағы импорт үлесі доллар бағамынан кем емес маңызға ие", – дейді қаржыгер.
Сарапшы теңге бағамын тек базалық мөлшерлеме айқындамайтынын атап өтті. Ұлттық валютаға мұнайдың әлемдік бағасы, экспорттаушылардың валюталық түсімі, Ұлттық қор мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының операциялары, мемлекеттік бюджет саясаты, сыртқы нарықтардағы пайыздық мөлшерлемелер және жаһандық ахуал әсер етеді.
Сондықтан базалық мөлшерлеменің төмендеуі теңгенің міндетті түрде әлсірейтінін білдірмейді. Экспорттаушылар үшін бағамның қысқамерзімді құбылуынан гөрі оның болжамды әрі бәсекеге қабілетті деңгейде болғаны маңызды.
Базалық мөлшерлеме қандай деңгейде болуы керек?
Венера Жаналинаның пікірінше, орта мерзімді кезеңде базалық мөлшерлеменің 14–15 пайыз аралығына түсуі экономика тараптарының мүддесін үйлестіретін аралық шешім болуы мүмкін. Бірақ ол үшін инфляцияның төмендеуі жалғасуға тиіс.
Егер инфляциялық болжамдар 7–8 пайызға дейін төмендесе, 14–15 пайыздық мөлшерлеме одан шамамен 6–8 пайыздық тармаққа жоғары болады. Бұл теңгелік құралдардың нақты кірістілігін сақтап, инвесторлардың қызығушылығын жоғалтпауға мүмкіндік береді.
Базалық мөлшерлемені біртіндеп төмендету кәсіпорындарға берілетін қаржының құнын азайтуы мүмкін. Дегенмен банктердің несие пайызы базалық мөлшерлемемен бірдей қарқында төмендейді деуге болмайды. Ал экспорттаушылар үшін бұл теңгенің нығаюына ықпал ететін факторлардың бірін әлсіреткенімен, валюта бағамының өзгеруіне кепілдік бермейді.
"Инвесторлар, бизнес пен экспорттаушылардың мүдделері міндетті түрде бір-біріне қайшы келмейді. Инфляция төмендеген сайын теңгелік құралдардың тартымдылығын сақтай отырып, пайыздық мөлшерлемелерді біртіндеп азайтуға мүмкіндік туады", – дейді сарапшы.
Қазір мөлшерлемені төмендетуге ерте ме?
Қаржыгер қазіргі инфляция деңгейінде базалық мөлшерлемені бірден 14–15 пайызға дейін төмендету ерте деп есептейді. Оның пікірінше, жақын уақытта мөлшерлемені 16 пайыз шамасында сақтау орынды.
Ұлттық банктің қазан айындағы макроэкономикалық сауалнамасына қатысқан тәуелсіз сарапшылар 2027 жылдың соңында базалық мөлшерлеме 13,3 пайызға, ал 2028 жылдың соңында 11,5 пайызға дейін төмендеуі мүмкін деп болжаған. Инфляция тұрақты түрде 5–6 пайызға дейін баяуласа, мөлшерлемені 11–13 пайыз аралығына түсіруге мүмкіндік пайда болуы ықтимал.
Алайда бұл мәселе тек Ұлттық банктің шешіміне байланысты емес. Мемлекет шығыстарды ұлғайтып, экономикадағы сұранысты өндіріс көлемінен жылдам өсірсе, инфляция жоғары деңгейде сақталуы мүмкін. Мұндай жағдайда реттеуші базалық мөлшерлемені ұзақ уақыт төмендете алмайды.
"Қаржыландыру құнын азайту үшін бюджет тәртібі мен тариф саясаты да болжамды болуы керек. Қазақстанға инвесторлардың табысы үшін барынша жоғары мөлшерлеме де, экспорттаушылар үшін әдейі әлсіретілген теңге де қажет емес. Елге инфляцияны тежеу, теңгелік активтердің тартымдылығын сақтау және бизнеске қолжетімді қаржы ұсыну арасындағы тепе-теңдік керек", – деп түйіндеді Венера Жаналина.