Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы сегіз айында зейнетақы аннуитеттері бойынша сақтандыру төлемдерінің көлемі 81,5 млрд теңгені құрады. Ал сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 624,7 млрд теңгеге жетті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Министрліктің мәліметінше, зейнетақы аннуитеті азаматқа жинақталған зейнетақы қаражатын өмірді сақтандыру компаниясына аударып, оның орнына тұрақты төлемдер алуға мүмкіндік береді. Төлемдер сақтандырылған адамның өмір бойы жалғасады. Тіпті төленген жалпы сома бастапқыда аударылған қаражаттан асып кетсе де, сақтандыру төлемдері тоқтатылмайды.
Зейнетақы аннуитеті шартын жасау үшін азамат белгіленген жасқа жетіп, жеткілікті мөлшерде зейнетақы жинағын иеленуі керек. Қажетті қаражат көлемі адамның жасына және болашақ төлемдердің шарттарына қарай жеке есептеледі.
Ведомствоның түсіндіруінше, 2026 жылы дереу төлем басталатын зейнетақы аннуитетін 55 жасқа толған ерлер мен 53 жасқа толған әйелдер рәсімдей алады. Егер азамат үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары жалпы алғанда кемінде 60 ай төленген болса, жеткілікті жинақ болған жағдайда аннуитетті 50 жастан бастап рәсімдеуге мүмкіндік бар.
Сонымен қатар кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті қарастырылған. Мұндай шартты 45 жастан бастап, ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кемінде 60 ай төленген жағдайда 40 жастан бастап жасауға болады. Бұл ретте сақтандыру төлемдері заңнамада және шартта белгіленген жасқа жеткеннен кейін басталады.
Министрлік мәліметінше, сақтандыру төлемдері жыл сайын ұлғаяды. Нормативтік құқықтық актіде белгіленген индекстеу мөлшерлемесі кемінде 8%-ды құрайды. Нақты талаптар сақтандыру шартында көрсетіледі.
Сондай-ақ шартта төлемдердің кепілдік берілген кезеңі қарастырылуы мүмкін. Егер сақтандырылған адам осы кезең аяқталғанға дейін қайтыс болса, шарт талаптарына сәйкес төлемдер оның мұрагерлеріне беріледі. Бұл механизм Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтың қалдығын мұраға қалдыру тәртібінен ерекшеленеді.
Зейнетақы аннуитетін рәсімдеу азаматтың еңбек қызметін жалғастыруына кедергі келтірмейді. Ал мемлекеттік зейнетақы алу құқығы заңнама талаптарына сәйкес бөлек айқындалады.
Зейнетақы аннуитетін сақтандыру қызметтерін министрлікке қарасты Мемлекеттік аннуитеттік компания да ұсынады. Компания азаматтарға жинақтарының жеткіліктілігі мен болашақ төлемдердің мөлшеріне қатысты кеңес береді.
Шарт жасамас бұрын азаматтарға сақтандыру ұйымдарының ұсыныстарын салыстыру, бастапқы төлем мөлшерін, индекстеу тәртібін, кепілдік кезеңінің шарттарын және келісімді өзгерту мүмкіндіктерін мұқият зерделеу ұсынылады. Алдын ала есепті сақтандыру компаниясынан алуға болады. Бұдан бөлек, БЖЗҚ мен сақтандыру ұйымынан болжамды төлемдерді салыстыру үшін enpf.kz сайтындағы болжамды зейнетақы калькуляторын пайдалануға болады.