Депозит арқылы ай сайын 1 млн теңге табыс табу үшін шотта қанша қаражат болуы керек? Қазіргі банк мөлшерлемелеріне сүйенсек, оған кемінде 70 млн теңгеге жуық жинақ қажет. Алайда мұндай кірістің көпшілік ескере бермейтін тәуекелдері де бар. Dalanews.kz редакциясы мәселенің мән-жайын талдады.
Есептің мәні қарапайым. Ай сайын 1 млн теңге алу үшін депозит жылына 12 млн теңге табыс әкелуі тиіс. Мәселен, банк салымға жылдық 15 пайыз сыйақы төлесе, шотта 80 млн теңге жатуы керек. Осылайша негізгі қаражат жұмсалмайды, ал салымшы тек есептелген пайызды пайдаланады.
Дегенмен қажет сома банктің мөлшерлемесіне байланысты өзгереді. Жылдық табысы 17,5 пайыз шамасындағы депозитке 68,5 млн теңге салынса, айлық кіріс орта есеппен 1 млн теңгеге жуықтайды. Ал мөлшерлеме 14 пайыздың айналасында болса, дәл сондай табыс алу үшін 85 млн теңгеден астам қаражат қажет.
Бір қарағанда, пайызы жоғары депозитті таңдау тиімді секілді. Бірақ жоғары мөлшерлеме көбіне қысқа мерзімге ғана ұсынылады. Мәселен, банк 17,5 пайыздық табысты үш айға белгілеп, кейін депозитті төмен пайызбен ұзартуы мүмкін. Мұндай жағдайда салымшының ай сайынғы кірісі де азаяды.
Айталық, 68,5 млн теңге жоғары мөлшерлемемен айына шамамен 1 млн теңге әкелді делік. Депозит мерзімі аяқталып, пайыз 14-ке төмендесе, айлық табыс 800 мың теңгеге жуықтайды. Бұрынғы миллион теңгені қайта алу үшін салым көлемін шамамен 85,7 млн теңгеге дейін көбейтуге тура келеді.
Сондықтан депозит таңдағанда пайыздық мөлшерлемеге ғана қарау жеткіліксіз. Сыйақының қалай төленетініне де назар аудару керек. Кейбір банктер есептелген пайызды ай сайын бөлек шотқа аударады. Мұндай ақша күнделікті шығынға бірден қолжетімді болады. Ал басқа депозиттерде сыйақы негізгі салымға қосылады. Бұл жинақты көбейтуге тиімді болғанымен, пайызды ай сайын шешіп алып отыруға қолайсыз болуы мүмкін.
Бұдан бөлек, депозиттен ай сайын түсетін ақша бірдей бола бермейді. Банктер сыйақыны көбіне айдағы күн санына қарай есептейді. Сондықтан 31 күндік айда табыс көбірек, ал ақпанда азырақ болуы мүмкін.
Мысалы, 83 млн теңгеден астам қаражат жылдық 14,4 пайызбен орналастырылса, оның орташа айлық табысы 1 млн теңгеге жуықтайды. Алайда 28 күндік ақпанда шотқа шамамен 920 мың теңге ғана түседі. Егер салымшыға ең қысқа айдың өзінде кемінде 1 млн теңге қажет болса, депозиттегі қаражат шамамен 90,5 млн теңге болуы керек.
Демек, “айына орта есеппен 1 млн теңге” мен “ай сайын міндетті түрде 1 млн теңге” деген екі бөлек есеп.
Қомақты қаражатты бір банкте сақтау кезінде қауіпсіздік мәселесі де ескерілуі тиіс. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры теңгедегі жинақ салымдарды 20 млн теңгеге дейін қорғайды. Теңгедегі өзге депозиттер, карточкалар мен шоттар бойынша кепілдік көлемі 10 млн теңгемен шектелген. Ал шетел валютасындағы қаражатқа 5 млн теңгеге дейін кепілдік беріледі.
Мәселен, адам 80 млн теңгені бір банктің қарапайым депозитіне салса, қаражаттың 10 млн теңгеге дейінгі бөлігі ғана Қор кепілдігімен қорғалады. Банк лицензиясынан айырылған жағдайда қалған соманың қайтарылуы тарату рәсімінің нәтижесіне байланысты болады.
Сол себепті ірі көлемдегі жинақты бірнеше банкке бөліп салған қауіпсіздеу. Бұл жағдайда әр банктегі қаражатқа кепілдік жеке қолданылады. Бірақ банктердің мөлшерлемесі мен талаптары әртүрлі болғандықтан, капиталды бөлу жалпы табыстың төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Тағы бір назар аударатын мәселе – инфляция. Салымшы депозиттен түскен пайызды түгел жұмсап, негізгі 80 млн теңгеге тимесе, бірнеше жылдан кейін де шотында сол сома қалады. Алайда баға өскен сайын оның сатып алу мүмкіндігі төмендей береді. Бүгін ай сайынғы 1 млн теңге жеткілікті көрінгенімен, бірнеше жылдан кейін бұл ақша бұрынғы шығынды өтей алмауы мүмкін.
Жинақтың құнын сақтау үшін пайыздың бір бөлігін қайтадан депозитке қосып отырған жөн. Бірақ мұндай жағдайда салымшы ай сайын түскен табыстың бәрін пайдалана алмайды.
Осылайша, қазіргі банк мөлшерлемелері бойынша айына орта есеппен 1 млн теңге алу үшін шамамен 68,5-85,4 млн теңге қажет. Алайда ең төменгі сома қысқа мерзімге ұсынылған жоғары пайызға негізделген. Мөлшерлеменің төмендеуін, ай сайынғы төлем айырмасын, инфляция мен қауіпсіздік мәселесін қоса есептегенде, тұрақты кіріс үшін 80-90 млн теңге қажет.
Осылайша, депозит пайызы тұрақты табыс көзіне айналуы мүмкін. Бірақ ол үшін ең жоғары мөлшерлемені іздеу жеткіліксіз. Салымшы депозит шарттарын мұқият салыстырып, қаражатын бірнеше банкке бөліп, табысының бір бөлігін жинақта қалдырып отырғаны дұрыс.