Қазақстанда білікті мамандарға сұраныс жоғары. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелеріндегі мәліметтерге сәйкес, кадр тапшылығы әсіресе денсаулық сақтау саласында, сондай-ақ бірқатар жұмысшы, техникалық және инженерлік мамандықтар бойынша байқалады. Сонымен қатар өнеркәсіптің, цифрлық технологиялар мен инфрақұрылымның дамуы азаматтардың жұмысқа орналасуына және кәсіби өсуіне жаңа мүмкіндіктер ашып отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
2026 жылы мамандар тапшылығы ең айқын байқалған салалардың бірі – денсаулық сақтау. Мәселен, акушер-гинекологтарға арналған 469 бос жұмыс орнына үміткерлерден небәрі 100 түйіндеме түскен. Педиатрларға арналған 448 вакансияға 139 түйіндеме, ал анестезиолог-реаниматологтарға арналған 300 бос орынға 75 түйіндеме ғана келген. Онкологтар, неонатологтар мен эндокринологтар арасында да маман тапшылығы байқалады.
Жұмысшы мамандықтарының өкілдеріне де сұраныс жоғары. Жұмыс берушілерге білікті электриктер, механиктер, слесарьлар, дәнекерлеушілер, машинистер, жабдық операторлары, құрылысшылар мен жүргізушілер қажет. Сондай-ақ инженерлер мен өндірістік процестерді автоматтандыру саласының мамандары сұранысқа ие.
Мұндай кадрларға сұраныстың артуы өнеркәсіптің дамуымен, жаңа нысандардың салынуымен, кәсіпорындардың жаңғыртылуымен, көлік және энергетикалық инфрақұрылымның жетілдірілуімен байланысты. Сонымен қатар жұмыс берушілерге кәсіби дағдылармен қатар заманауи технологияларды меңгерген мамандар барған сайын көбірек қажет болып отыр.
Тағы бір маңызды бағыт – цифрлық мамандықтар. Еңбек нарығында бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеушілерге, қолданбалы бағдарламашыларға және басқа да ақпараттық технологиялар мамандарына сұраныс бар. Автоматтандыру мен жасанды интеллектіні енгізу кәсіби қызметінде цифрлық құралдарды қолдана алатын қызметкерлерге деген қажеттілікті арттырып отыр.
Ұзақ мерзімді болжамға сәйкес, 2035 жылға дейін Қазақстан экономикасына 2,9 млн маман қажет болады. Бұл қажеттіліктің жартысынан астамы жұмысшы мамандықтарына тиесілі. Мұндай көрсеткіш экономиканы білікті кадрлармен қамтамасыз етуде техникалық және кәсіптік білім берудің маңызы артып келе жатқанын көрсетеді.
Еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, мамандарды уақтылы даярлау үшін 2026 жылы ең сұранысқа ие мамандықтар тізімі 51-ден 174 мамандыққа дейін кеңейтілді. Тізімге инженерия, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, биотехнологиялар, жасыл энергетика және атом энергетикасы бағыттары енгізілді.
Сонымен қатар мамандарды жұмыс берушілермен бірлесіп даярлау жүйесі дамып келеді. Қазақстан Үкіметінің мәліметінше, бүгінде 552 колледждің 138 мың студенті дуальды оқыту жүйесімен қамтылған. Кадр даярлау жұмысына шамамен 11 мың кәсіпорын қатысады. Тағы 43 мың студент жұмыс берушілердің мақсатты тапсырысы бойынша білім алып жатыр.
Мұндай оқыту форматы студенттерге кәсіпорындарда тікелей тәжірибелік дағдыларды меңгеруге, болашақ мамандығымен танысуға және оқуын аяқтағаннан кейін жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыруға көмектеседі.
Сонымен қатар жаңа мамандық меңгергісі немесе біліктілігін арттырғысы келетін азаматтар қысқа мерзімді кәсіптік оқыту және қайта даярлау бағдарламаларын пайдалана алады. Олардың қатарында жұмыс берушілер сұранысқа ие деп таныған бағыттар да бар.
Осылайша, еңбек нарығын талдау кадр тапшылығы жалпы еңбек ресурстарының жетіспеушілігінен гөрі, азаматтардың қолындағы біліктіліктің экономика қажеттіліктеріне сәйкес келмеуімен байланысты екенін көрсетеді. Сондықтан сұранысқа ие бағыттар бойынша мамандар даярлау, тәжірибелік дағдыларды дамыту және білім беру ұйымдарының жұмыс берушілермен байланысын нығайту ерекше маңызға ие.
Кадрларға деген қажеттілікті болжау болашағы бар мамандықтарды алдын ала анықтауға, білім беру бағдарламаларын жетілдіруге және азаматтарға мамандық таңдау немесе кәсіби қызметін өзгерту кезінде негізделген шешім қабылдауға көмектеседі.