Шымкентте полицейге қатысты есірткі сақтау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды

Шымкентте полицейге қатысты есірткі сақтау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды
Polites News

Шымкентте есірткі сақтауға қатысты ақпаратты тексеру кезінде полиция қызметкерлері мемлекеттік нөмірі жоқ KIA Cerato көлігін тоқтатып, салоннан қара изолентаға оралған зат тапқан, деп хабарлайды dalanews.kz.

Polites News редакциясының мәліметінше, оқиға 19 қазанға қараған түні сағат 00:15 шамасында Бәйдібек би даңғылының қалаға кіреберіс тұсында болған. Шымкент қалалық полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының (УБОП) қызметкерлері есірткіні заңсыз сақтау туралы ақпаратты тексерген.

Олар мемлекеттік нөмірлік белгілері жоқ KIA Cerato көлігін тоқтатқан. Полиция қызметкерлері жүргізуші мен жолаушыларды тексермек болған кезде, жүргізуші көлікпен кетуге әрекеттенгені айтылады. Сондай-ақ ол УБОП қызметкерінің көлігін соғып, физикалық қарсылық көрсеткен деген ақпарат бар.

Көлік арнайы жедел әрекет ету жасағының (СОБР) көмегімен тоқтатылған.

Көлікте кімдер болған?

Басылымның мәліметінше, көлік салонында үш адам болған. Жүргізуші Шымкент қалалық полиция департаменті Еңбекші аудандық полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздік бөлімінде жұмыс істейтін инспектор болған. Ал алғашқы жолаушы жүргізушіні жақын танысы ретінде сипаттаған. Екінші жолаушы туралы ақпарат жарияланбаған.

Қара изолентаға оралған зат табылды

19 қазанда аталған оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұл бап есірткі құралдарын өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтағаны үшін жауапкершілікті көздейді.

Тінту кезінде көліктің артқы бөлігіндегі еденнен қара изолентаға толық оралған зат табылған. Алдын ала болжам бойынша, оның есірткі болуы мүмкін. Заттың нақты құрамы сараптама қорытындысынан кейін анықталады.

Көлік кімге тиесілі?

Оқиға орнына Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы мен Жеке құрам жөніндегі инспекция қызметкерлері келген. Тексеру барысында көліктің қызметтік екені анықталған. Ол Шымкент қалалық полиция департаменті Еңбекші аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция майорының атына бекітілген.

Алайда жарияланған мәліметте полиция майорының оқиғаға қатысы бар екені туралы ақпарат жоқ. Жол-көлік оқиғасын рәсімдеу үшін жол полициясы шақырылған.