Қазақстандық шабандоздар Allur Endurance CUP 2026 турнирінің барлық жүлделі орнын иеленді

Қазақстандық шабандоздар Allur Endurance CUP 2026 турнирінің барлық жүлделі орнын иеленді

Қостанай облысында алғаш рет өткен Allur Endurance CUP 2026 халықаралық төзімділікке арналған ат спорты турниріне бес елден 36 шабандоз қатысып, жеті жүлделі орынның барлығын қазақстандық спортшылар жеңіп алды. Бас жүлде ретінде Қостанайдағы Allur зауытында шығарылған Chevrolet Cobalt автокөлігі табысталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ғасырлар бойы жылқы ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналған Қазақстан бүгінде заманауи ат спортының дамуына жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Соның жарқын үлгісі – Республика күні қарсаңында қазақстандық Allur автомобиль компаниясының қолдауымен өткен Allur Endurance CUP 2026 халықаралық турнирі.

Жарысқа Қазақстан, Венгрия, Сирия, Ұлыбритания және Малайзия өкілдері қатысты. Спортшылар FEI халықаралық стандарттарына сәйкес келетін CEI 1* санатындағы 100 шақырымдық қашықтықты бағындырды. Жарыстың өту барысын Біріккен Араб Әмірліктерінен келген төрешілер қадағалады.

Төзімділікке арналған ат жарысы – жылдамдық жеңістің жалғыз шарты болып саналмайтын ерекше спорт түрі. Шабандозға бүкіл қашықтық бойындағы күшті дұрыс бөлу, жылқының жай-күйін сезіну және оның жағдайын тұрақты бақылау қажет. Дәл осы қасиеттер қазақтың атқа міну мәдениеті мен шабандоздық мектебін тарихи тұрғыдан ерекшелендіріп келеді.

Allur компаниясы үшін мұндай жарыстарды қолдау – отандық жылқы шаруашылығын дамыту, ат спортын кеңінен насихаттау және ұлттық мұраны сақтау бағытындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Компания жекелеген спорттық іс-шараларды қолдаумен ғана шектелмей, қазақстандық шабандоздар мен елімізде өсірілетін жылқы тұқымдарының халықаралық аренада өз мүмкіндіктерін сенімді көрсетуіне жағдай жасауға ұмтылады.

«Қазақстан үшін жылқы – тарихымыздың бір бөлігі ғана емес. Ол – сақтап қана қоймай, дамытудың да маңызы зор ұлттық байлығымыз. Біздің өзімізге тән бірегей жылқы тұқымдарымыз, талантты спортшыларымыз және ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлеріміз бар. Біздің міндетіміз – осы мұраны заманауи халықаралық стандарттармен ұштастыру. Сондықтан Allur ат спортын қолдауды ұзақ мерзімді жұмыс ретінде қарастырады. Қазақстанның әлемге тек бай ат спорты дәстүрлерінің отаны ретінде ғана емес, мықты спортшылары мен дамыған жылқы шаруашылығы бар ел ретінде де танылғанын қалаймыз», – деді Allur зауытының атқарушы директоры Арғұлан Майқонов.

Турнир Қостанай және адай жылқы тұқымдарын дамыту тұрғысынан да ерекше маңызға ие. Халықаралық жарыстар олардың төзімділігін көрсетуге, отандық жылқы өсірушілердің мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ спортшылардың шетелдік жарыстарға қатысу үшін қажетті біліктілік алуына жол ашады.

«Біз бұл жарыстарды ең алдымен отандық жылқы шаруашылығын дамыту және сақтау мақсатында өткіземіз. Қостанай облысының атынан жергілікті тұқымға жататын жылқылар мен олардың будандарының қатысуы біз үшін ерекше маңызды. Allur компаниясының қолдауының арқасында халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізіп, спортшыларымыз бен жылқы өсірушілеріміз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол аша аламыз», – деп атап өтті Qostanai Argymagy қорының директоры Алтай Бимен.

Шетелдік қонақтар да жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Бала кезінен ат спортымен айналысып келе жатқан венгриялық шабандоз Орхидея Михок Қостанайға алғаш рет келіп, қазақстандық спортшылардың дайындығына ерекше назар аударды.

«Қашықтыққа шабатын жарыстарда шабандоз бен жылқының арасында өзара түсіністік болмаса, нәтижеге жету мүмкін емес. Жарыс басталғанға дейін жылқының мінезін сезініп, онымен байланыс орнату мен үшін маңызды болды. Сондай-ақ қазақстандық шабандоздардың қаншалықты мықты әрі төзімді екенін көрдім. Мұнда табиғат тамаша, атмосферасы да ерекше», – деді спортшы.

Турнирдің басты қорытындысы – қазақстандық шабандоздардың айқын басымдығы болды. Олар барлық жеті жүлделі орынды иеленді. Ең үздік нәтиже көрсеткен Маңғыстау облысының өкіліне Арғұлан Майқонов Қостанайда шығарылған жаңа Chevrolet Cobalt автокөлігінің кілтін табыстады. Қалған жүлдегерлер ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Allur Endurance CUP 2026 Қазақстанның халықаралық деңгейдегі ат спортын дамытуға қажетті барлық мүмкіндігі бар екенін көрсетті. Елімізде мықты спортшылар, бірегей жылқы тұқымдары және бай дәстүрлер қалыптасқан. Ал отандық бизнестің осындай бастамаларға жүйелі түрде қолдау көрсетуі ұлттық мұраны нақты спорттық жетістіктерге айналдырып, өңірлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға ықпал етеді.