АҚШ президенті Дональд Трамп қараша айында Қытайда өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) саммиті аясында Қытай және Ресей басшыларымен үшжақты келіссөз жүргізуге қарсы емес. Бұл туралы ол 19 қазанда журналистерге мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Трамп әзірге мұндай кездесуге ресми келісім бермегенін айтты. Алайда Қытай төрағасы Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин үшжақты келіссөз өткізуді қаласа, оған қатысуға дайын екенін жеткізді.
АҚШ президентінің сөзінше, кездесуде үш елдің ядролық қарудан бас тарту мәселесі талқылануы мүмкін. Сонымен қатар Украинадағы соғыс та күн тәртібіне енуі ықтимал. Трамптың пікірінше, бұл мәселені Украина президенті Владимир Зеленскийдің қатысуынсыз да талқылауға болады.
Бұған дейін, дүйсенбі күні, The Wall Street Journal басылымы Трамп, Си Цзиньпин және Путиннің үшжақты кездесуі мүмкін екенін хабарлаған. Басылым дереккөздерінің мәліметінше, мұндай бастаманы Путин көтерген. Ол Украинадағы соғысты талқылап, Ресей ұсынған бейбітшілік шарттарына қолдау іздеуі мүмкін.
WSJ мәліметінше, Ресей президенті бұл ұсынысты 9 қазанда Трамппен телефон арқылы сөйлескен кезде айтқан. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та үшжақты кездесу өткізу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын растады.
Алайда Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига мұндай форматтағы кездесуге және онда Украина мәселесінің талқылануына қарсы екенін білдірді. Еуропалық одақ өкілдері де бұл бастамаға қатысты алаңдаушылық танытты.