Президент әскери бюджетті тиімді пайдалануды тапсырды

Президент әскери бюджетті тиімді пайдалануды тапсырды
Akorda.kz

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрінің орынбасарларын қабылдап, Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігі мен әскери қажеттіліктерді қаржыландыру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мемлекет басшысы – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, Қарулы күштер Бас штабының бастығы Айтқұрман Омарбеков пен Қорғаныс министрінің орынбасары Татьяна Савельеваны қабылдады.

Кездесу барысында президентке Қарулы күштердің қазіргі қызметі, жауынгерлік әзірлігі, әскери даярлық іс-шараларын қаржыландыру және Қорғаныс министрлігі бюджетінің орындалуы туралы есеп берілді.

Сондай-ақ әскери қызметшілердің жай-күйі, әскердің жұмылдыру дайындығы және әскери бөлімдерге жүктелген міндеттердің орындалуы баяндалды.

Мемлекет басшысына армияны дамыту бағдарламасы, әскердің ағымдағы қажеттіліктерін қаржыландыру және бөлінген қаражатты қайта бөлу мәселелері жөнінде ақпарат ұсынылды. Бұдан бөлек, әскери инфрақұрылымды жарақтандыру және бөлімшелердің күнделікті қызметін қамтамасыз ету мәселелері қарастырылды.

Кездесуде әскерді басқару жүйесін жетілдіруге, шешім қабылдау жеделдігін арттыруға және әскери қызметшілерді мамандану бағытына сәйкес даярлауға ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар жұмылдыруды жоспарлау, әскери резервті даярлау, жоспарланған шығындарды негіздеу және бюджет тәртібін сақтау мәселелері талқыланды. Президентке қаржылық бақылауды күшейту және бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін бағалау тәсілдері туралы да баяндалды.

Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін жоғары деңгейде ұстау, армияның негізгі қажеттіліктерін қаржыландыру және бюджет қаражатын ұтымды пайдалану жөнінде бірқатар тапсырма берді.