Аягөздегі балалар орталығындағы сұмдық: 100-ден астам зорлық фактісі анықталды

Аягөздегі балалар орталығындағы сұмдық: 100-ден астам зорлық фактісі анықталды
pixabay.com

Абай облысының Аягөз ауданындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында ерекше күтімді қажет ететін балаларға қатысты 100-ден астам физикалық және психологиялық зорлық-зомбылық фактісі анықталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Балалардың құқықтарын қорғау мақсатында облыс прокуратурасы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында тексеру жүргізген. Аягөз ауданындағы мекемені тексеру барысында санитарлардың тәрбиеленушілердің дәрменсіз жағдайын пайдаланып, оларға жүйелі түрде күш көрсеткені анықталған.

Сонымен қатар прокуратура заңсыз әрекеттерді көре тұра, олардың жолын кесу үшін шара қолданбаған мекеменің кейбір қызметкерлерінің әрекетсіздігін әшкереледі.

Аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 140-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Тәрбиеленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін іске қатысы бар адамдар қызметтік міндеттерін атқарудан шеттетіліп, балалармен байланысуына шектеу қойылды.

Облыс прокуратурасы балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы тексеру шаралары жалғасып жатқанын хабарлады.