Шымкентте қоғамдық көлікте жүру құнын 70 теңгеден 100 теңгеге дейін көтеру ұсынылды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мұндай өзгерістің қажеттілігін тасымалдаушылар шығынының артуымен және мемлекеттік субсидия көлемін ұлғайту мәселесімен байланыстырды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Bes.media мәліметінше, әкім қоғамдық көліктердің жолаушыларға лық толып жүруіне қатысты шағымдарға да тоқталған. Оның айтуынша, қаладағы жолаушылар ағыны туралы ресми мәліметтер нақты жағдайды толық көрсетпейді. Бұған кейбір тұрғындардың жолақы төлемеуі себеп болып отыр.
"Мәселен, автобуста 100 адам келе жатса, оның тек 50-і жолақысын төлейді. Жүйеде де 50 жолаушы ғана тіркеледі. Соның нәтижесінде біз бұл бағытқа 50 адамға арналған автобус жеткілікті деген қорытындыға келеміз. Мәселенің түп-төркіні осында", - деп түсіндірді Ғабит Сыздықбеков.
Сонымен қатар әкім жолақы қымбаттаған жағдайда да қарттар мен жастарға қарастырылған жеңілдіктерді сақтау жоспарланып отырғанын жеткізді.