Қазақстанда қылмыстың алдын алуға арналған 60-қа жуық цифрлық жоба таныстырылды

Қазақстанда қылмыстың алдын алуға арналған 60-қа жуық цифрлық жоба таныстырылды

Астанада жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар арқылы қылмыстың алдын алуға бағытталған 60-қа жуық жоба таныстырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

17 қазанда Alem.AI халықаралық орталығында Қазақстан Республикасы Президентінің жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі жарлығын іске асыру аясында және Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша «Kazakhstan Prevention Days – 2026» жобалар көрмесі өтті.

Іс-шараға Ішкі істер министрлігінің, полиция департаменттерінің, әкімдіктердің, жоғары оқу орындары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Көрмеде қылмыстың салдарымен күресумен қатар, оның алдын алуға және ықтимал қауіп-қатерді ерте анықтауға мүмкіндік беретін технологиялық шешімдер ұсынылды.

Жобалардың бір бөлігі телефон алаяқтығымен күресуге бағытталған. Атап айтқанда, абонентке жетпей алаяқтық қоңырауларды бұғаттауға арналған жүйе және азаматтарды психологиялық манипуляция тәсілдерін тануға үйрететін «CIMM.PRO» интерактивті симуляторы таныстырылды.

Көлік инфрақұрылымының қауіпсіздігін арттыруға арналған жобалар да көрсетілді. «JOLScan» платформасы жол жабынындағы ақауларды анықтап, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған. Ал «SafeRail Qazaqstan» бейнеаналитика жүйесі вокзалдарда қараусыз қалған заттар мен іздеуде жүрген адамдарды нақты уақыт режимінде анықтауға арналған.

Балалар мен отбасылардың қауіпсіздігіне қатысты бірнеше бастама ұсынылды. «AiMap» жүйесі балалардың қауіпті цифрлық топтарға тартылуын ерте анықтауға бағытталған. «E-Bagdar» ұлттық хабарландыру алаңы жоғалған адамдарды іздеуге көмектесуге арналған. Ал «Цифрлық иммунитет» жобасы жасөспірімдердің киберсауаттылығын арттыруды көздейді.

Көрмеде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған «Біз жақынбыз 2.0», «Қауіпсіз отбасы – қауіпсіз қоғам», «AL-JAN» және «SENIM TECHNOLOGIES» бастамалары да таныстырылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, цифрлық құралдарды қолдану ықтимал қауіптерді ерте анықтап, құқық бұзушылықтардың алдын алу мүмкіндігін кеңейтеді.

«Біздің мақсатымыз – қылмыс болғаннан кейін салдарымен күресу емес, оның түбегейлі алдын алу. Цифрлық құралдар қауіпті ерте бастан көруге мүмкіндік береді. Сондықтан технологиялық экожүйені қалыптастыру – уақыт талабы», – деп атап өтті көрмені ұйымдастырушылар.

Іс-шараға Германия, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан келген сарапшылар да қатысты. Халықаралық қатысушылар құқық қорғау саласында жасанды интеллектіні қолдану және трансшекаралық киберқылмыспен күресте технологиялық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, көрмеде ұсынылған жобаларды алдағы уақытта Астана мен өңірлерде пилоттық режимде іске қосу жоспарланып отыр. Олардың тиімділігі сынақ нәтижелеріне байланысты бағаланбақ.